Ақтөбеде ТМД елдеріне керамика шығаратын зауыт іске қосылады

Ақтөбеде еуропалық сападағы құрылыс материалы өндіріледі. Қазір керамо-гранит пен керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша кәсіпорын жыл соңына қарай іске қосылып, тұтынушыларға алғашқы өнім жеткізіле бастайды. Бұл өндіріс орнының ерекшелігі – әр кезеңнің үлгісіне сай сан түрлі дизайндағы және қажетті көлемде өнім шығаратындығында. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 9,2 млрд теңге. Қажетті шикізат қоры толықтай жергілікті жерден алынбақ. Көп ұзамай, отандық нарықтағы өнімнің шетелдік баламасы өзімізде өндірілетін сапалы бұйыммен ауыстырылады, дейді мамандар. Алдымен, ел аймақтарының сұранысын қамтып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы алыс-жақын мемлекеттерге экспорттау көзделіп отыр.

ТӨРЕХАН ЖҰМАҒҰЛ, «АҚТӨБЕ» ӘКК БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Жобаның маңыздылығы – бұл Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ өнім шығаратын зауыт болады. Жоспар бойынша өнімнің көп бөлігі Ресейге, шет мемлекеттерге экспортталатын болады. Ол өз кезегінде, өзіміздің еліміздің, өңіріміздің салық төленуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болады.

АЛЕКСЕЙ ТРУФАНОВ, ӨНДІРІС ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл плита – бәсекеге қабілетті, себебі бұл жоғары деңгейлі өнім. Сапасы да жақсы. Өлшемдері әртүрлі болады, ең кішкентай керамограниттің көлемі – 30/30, ал ең үлкені 120/90 плитка болуы мүмкін. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына шамамен 5 млн шаршы метрді құрайды.

Фото: aktobe.atameken.kz