АХҚО: Адам капиталын дамыту

Адам капиталын дамытып, озық үлгідегі жаһандық стандарттарды ендіру. «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдік деңгейде өзекті деген осы  бағыттардың әлеуетін арттыруға басымдық бермек. Бұл мақсатта аталмыш қаржы институтының қабырғасында үздіксіз кәсіби білім беруге бағытталған Бюро құрылды. Ол арқылы жергілікті мамандардың қаржылық біліктілігін арттырып, инвестициялық тұрғыда сауаттылығын ашу көзделген. Сондай-ақ елімізде жалпы әлемдік сертификациялау ісін жетілдіру жоспарланып отыр. Бүгінде тыңдаушылардың алғашқы легі 2,5 мың маман кәсіби шеберлігін арттыруға кірісіп кетті. Олар саланың жетекші сарапшыларынан білім алып жатыр. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, бұл құптарлық іс. Бұндай игі шаралар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

ДЖУЗЕППЕ БАЛОККИ, CFA ИНСТИТУТЫНЫҢ ЭКС-БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Қаржылық есептеу ісіне халықаралық стандарттарды ендіру ең алдымен инвесторлардың елге деген сенімін ұялатады. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан МСФО стандарттары нақты қағидаларға негізделіп құрылған. Ол US GAAP сынды құр ғана бухгалтерлік есеп емес. Стандарттардың нақ осы саланың негізгі деген қағидаларына сай жасалуы үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Олар жергілікті ахуалға жылдам бейімделіп кетеді. Алайда оқытылатын стандарттарға сәйкес болатындай кәсіби мамандарға қажетті эко жүйені қалыптастыруды талап етеді. Бұл сыртқы аудиторларға қатысты айтылған.

Жалпы бұл Бюрода Қазақстанның қаржы индустриясының 5 мыңнан астам маманын оқыту межеленген. Осы арқылы «Астана» қаржы орталығы мамандардың білімі мен білігін көтерудің тиімді тәсілін қалыптастырмақ.

Фото: bnews.kz