АХҚО сотының ғимараты ресми түрде ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында АХҚО сотының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жерде өткен жылдың қаңтарынан үздік халықаралық тәжірибе және ағылшын құқығы негізінде азаматтық және  коммерциялық даулар қарала бастағанын айта кеткен жөн.

КРИСТОФЕР КЭМПБЕЛЛ-ХОЛТ, АХҚО СОТЫ АППАРАТЫНЫҢ ТІРКЕУШІСІ ӘРІ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бізге осы жылдың ақпан айында алғашқы іс келіп түсті. Соттың шешімдері ағылшын және орыс тілінде біздің сайтымызда қолжетімді. Адамдар еш қиындықсыз олармен таныса алады. Бізге алғашқы іс БАӘ немесе Катардағы баламалы соттарға қарағанда жылдамырақ түскенін мақтан тұтамыз.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қабырғасындағы сот тәуелсіз институт болып табылады.  Және оның құрамында халықаралық дәрежедегі арбиторлар жұмыс істейді. Сот тіркеушісі Кристофер Кэмпбел-Холттың пікірінше, Қазақстанда бұндай әділетті мекеменің болуы тек елдің ғана емес, жалпы Еуразия аймағының инвестициялық тартымдылығын арттыра түсті.

КРИСТОФЕР КЭМПБЕЛЛ-ХОЛТ, АХҚО СОТЫ АППАРАТЫНЫҢ ТІРКЕУШІСІ ӘРІ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Инвесторлар АХҚО-ның соты мен халықаралық арбитражды орталығы әділеттіліктің халықаралық талаптары мен стандарттарына сай жұмыс істейтініне сенімді болулары керек. Бұл дегеніміз заңдардың барлық заңгерлік үрдістерін қоса алғанда мүлтіксіз жұмыс жасайтынының кепілі. Бұған қоса толық тәуелсіздік, ешбір жан судялардың ісіне араласа алмайды. Шетелдік инвесторларды қорғау – аса маңызды шаруа. Олар АХҚО арқылы құйған қаржылары жан-жақты қорғауда болатынын білулері тиіс. 

Кэмпбелл-Холтттың айтуынша, ағылшын құқығына негізделген АХҚО соты мен арбитражды орталықтың жұмысы барша әлемнің инвесторларына Қазақстанға қаржы салудың қауіпсіз екенінің кепілі іспетті.

Фото: informburo.kz