Елордада «Astana Finance days» конференциясы басталды

Елордада отандық және халықаралық қаржыгерлер бас қосты. «Astana Finance days» конференциясының алғашқы күнінде сараптамалық алаң құрылды. Ондағы мақсат – жаһандық нарыққа көз тіккен жас компанияларды жеке істеріне қаржы құюға мүдделі халықаралық инвесторлармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеуге машықтау.  Халықаралық  деңгейдегі қаржы институттарының білікті мамандарынан дәріс тыңдауға алыс-жақын шет елдерден 100-ге жуық адам келді. Негізінен олардың көбі – Орталық Азия елдері мен Ресей мемлекетінің өміршең жобаларын арқалаған кәсіпорын өкілдері. Олар қаржы саласы, компанияларды инвесторлармен үйлестіру ай-пи-оны халықаралық сатылымға шығару саласында біліктіліктерін арттырады.

ЕРНҰР РЫСМАҒАНБЕТОВ, АХҚО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Біз келешегі бар, құйған қаржы ақталады деген 20-ға тарта  компанияны іріктеуді жоспарлап қойдық. Олармен  алдағы қыркүйек айында кешенді түрде жұмыс жасауға кірісеміз. Біз 20 компанияның дамуын қамтамасыз ететін бағдарламаларды қарастырып, сырттан инвестиция тартуға септесеміз. Кейін біздің тұжырымға сай жиған тәжірибемен еліміздің өзге де нарық қатысушыларымен бөлісуді көздейміз. Тырнақалды бастама ол үшін не қажет, қандай жолды еңсеру керек сынды мәселелерді қамтиды.   

«Astana Finance days» конференциясына жалпы Қазақстаннан өзге АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур және Үндістан сынды бірқатар мемлекеттен 300-ге жуық сарапшы тіркелген. Басқосудың аясында, мамандар жаһандық экономиканың соңғы 10 жылында орын алған өзгерістерді саралап, интеграциялық үрдістердің жоспарын тиімді құру, Жібек жолының әлеуетін барынша кәдеге жарату сынды қаржылық тетіктерді талқыға салады.

Фото: inform.kz