2018 жылы еліміздің аумағы арқылы 19 млн тонна транзиттік жүк өткен

2018 жылы еліміздің аумағы арқылы 19 млн тонна транзиттік жүк өткен

Евразия құрлығында Қазақстан өзінің көлік-логистикалық нарықтағы ұстанымын толық айқындап алды. Өткен жылы еліміздің аумағы арқылы 19 млн тонна транзиттік жүктің өтуіне жағдай жасады. 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда тасымал 6 процентке өсті. Соның нәтижесінде табыс 427 млрд теңгеге жетті. «Қорғас» халықаралық орталығы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік жолы, Ақтау, Құрық теңіз порттары тоқсан жолдың торабындағы Қазақ елінің ырзығын арттыра бастады. Әсіресе Қытаймен арадағы шойын жолдың логистикалық рөлі зор. Шығыс пен батыстың, солтүстік пен оңтүстіктің көлік жолындағы тоғысатын нүктесі географиялық тұрғыдан елімізді ұтымды позицияға шығарды.

БЕРІК ҚАМАЛИЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Қазіргі таңда Ақтау теңіз порты мен Құрық мультимодальды кешенінің жүк өткізу техникалық мүмкіндігі 27 млн тоннаға жетті. Былтыр Ақтау мен Құрық порттары арқылы 6,5 млн тонна өтті.  Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 процентке артық.  Біз  биылғы жылы осы порттар арқылы 7,5 млн тонна жүкті өткізуді жоспарлап отырмыз.

Осы орайда еліміз Батыс Еуропа-Батыс Қытай бағытында контейнерлік тасымал бағытында әлі де болса жұмысты жандандыра түсуге мүдделі. 2020 жылы шойынжол арқылы еліміздің аумағынан 2 млн контейнер жүк өткізіледі. Былтыр ел аумағынан түрлі тауар тиелген 534 контейнер жүк тасымалданған еді. Күре жолды дамыту арқылы да елдің бюджетіне қомақты табыстың түсетіні сөзсіз. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2,5 мың шақырым жолдар күрделі жөндеуден өтіп, 6 мың шақырым күре жол қалпына келтірілді.