Қызылорда облысында түйе сүтінен балмұздақ өндіріліп жатыр

Қызылорда облысында түйе сүтінен балмұздақ өндіріліп жатыр

Түйе сүтінен балмұздақ. Қызылордалық кәсіпорын осындай ерекше әрі пайдалы өнім өндіре бастады. Зауытта тәулігіне 7 түрлі балмұздақтың мың данасы жасалады. Дәмі тіл үйіретін десертке сұраныс та жақсы.

БАЯН ДҮЙСЕНБЕКОВА, ТЕХНОЛОГ:

-  6 проценттік балаларға арналған балмұздақ шығардық. Оның пайдасы өте зор. Бұл тек салқындатып қана қоймайды, ол өте тойымды яғни бір жеген адамға тойымдылық қасиет береді. Оған қазіргі таңда түйе сүтінің балмұздағына арнайы сұраныс ұлғайып жатыр.

Бүгінгі таңда кәсіпорын балмұздақ өндірісінің қуаттылығын арттыру бойынша бизнес-жоспар құрып, облыстық кәсіпкерлер палатасына ұсынған. Жалпы кәсіпорын осыдан 3 жыл бұрын ашылып, тәулігіне 400 литр шұбат шығарған. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында цех кеңейтіліп, күніне өндірілетін өнім көлемі 2 тоннаға жетті. Мұнда негізінен сиыр және түйе сүтінен құрт, сүзбе, ірімшік, айран, шұбат, йогурт секілді 8 түрлі сүт өнімі дайындалады.

САБЫР ЕРМАХАНОВ, КӘСІПКЕР:    

 - 750 түйе бағып жатырмыз, 285 сиыр, 150 жылқы бар. Таза өнім болғандықтан сұраныс көбейіп жатыр, сондықтан да біз малдың санын көбейтіп, жылдан жылға өнімді де ұлғайтып жатырмыз.

Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс пен өткізу нарығын кеңейтіп, шығарылатын өнім түрлерін арттыруды жоспарлап отыр.  

Фото: karasayinfo.kz