Түркістан облысы 200 тонна ауылшаруашылық өнімін экспортқа жөнелтті

Түркістан облысы 200 тонна ауылшаруашылық өнімін экспортқа жөнелтті

Түркістан облысында ерте көктемде егілген бақша дақылдарынан 7 мың тонна өнім жиналып, оның 200 тоннадан астамы экспортқа жөнелтілді. Жалпы өңірде 175 мың гектар жерге жаздық дақылдар егілген. Оның ішінде көкөністердің үлесі 19,2 мың гектарды құрайды. Ал бақша дақылдары 15 мың гектардан асады. Халық картопты молынан тұтынатын болғандықтан 9,5 мың гектар аумаққа егіліпті. Қазір оны да қазып жинап алуда.

СЕЙІТЖАН ӘЗБЕРГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ М.А:

Атап өтетін болсақ, Москва, Новосибирск, Пермь қалаларына жіберілді. Қалған өнімдер өзіміздің ішкі сұранысқа ие Нұр-Cұлтан қаласы, Алматы мен СҚО жөнелтілуде. Жалпы бақша дақылдарының 1 млн 200 мың тоннадан астам өнім жинап алу жоспарлануда.

Қазір Жетісайда алхоры жинаудың қызған шағы. 20 гектар алқапқа егілген қара өріктен гектарына 30-35 тонна өнім терілуде. «Жаз» деп аталатын бұл сұрыпқа сұраныс жақсы, дейді баудың аграномы Ерлік Шораұлы. Алхорыны олар әзірге еліміздің Нұр-Сұлтан , Алматы қалаларына жіберуде. Өткен жылы дәл осы өрік түрі Ресейден ары асқан.

ЕРЛІК СӘДІБЕКОВ, АГРОНОМ:

Баудың құрылғандағы мақсаты осы ішкі нарықты өзіміздің жеміс-жидек өнімдерімізбен қамтамасыз ету. Бағасы қолжетімді. Бізде өрік піссе, алхорыны жинаймыз. Алхоры бітсе, алманы жинаймыз. Алмадан соң жүзім жинап, осылайша ұласып кете береді.

Жетісайлық Қанат Иманқұлов 7 жылдан бері өзінің тиесілі жеріне қарбыз егіп, оны саудалап келеді. Диқанның айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда жер ана өнімді жақсы берген. Шаруа осы жылы 5,5 гектар жеріне тек қарбыз дәнін отырғызыпты. Енді гектарынан 30 тоннадан өнім алуда. Жергілікті қарбыздар да қазір экспортқа жөнелтілуде. Кәсіпкер бұдан басқа бірнеше егіс алқабына қызанақ пен мақта отырғызған.

ҚАНАТ ИМАНҚҰЛОВ, ДИҚАН:

- Қарбыздың орнына екінші өнімге маш егеміз деген ниетіміз бар. 1 гектардай қызанақ тағы бар. Оның да пісуіне аз қалды. Биылғы жыл біз үшін жақсы, табысты болды.

Өңірде қазір қауын-қарбыздан бөлек, бауда өсетін бірнеше өнім түрлері пісе бастаған. Олардың да басым бөлігі шет мемлекеттерге сатылуда. Одан артылғаны ішкі нарықта саудаланады. Мәселен, өткен жылы облыстан 500 тонна өнім Ресей, Беларусь, Латвияға жіберіліпті. Ал еліміздің солтүстік өңірлеріне 1 млн тоннадан астам бау-бақша өнімдері жеткізілген.

Фото: inbusiness.kz