Қазақстан мен Иран сауда қатынасын нығайтпақ

Қазақстан мен Иран сауда қатынасын нығайтпақ

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы сауда қатынасы бойынша уақытша келісімді ратификациялады. Бұл екі елдің нарықтарын айтарлықтай кеңейтіп, күшейтеді, дейді сарапшылар. Құжатта қос тарап үшін импорттық баждарды төмендету қарастырылған. Тегеранның тарифтік артықшылықтарына 864 тауар аталымы кірген. Алдағы 3 жылда Қазақстан Иран нарығына төмендетілген мөлшерлемемен сиыр, қой етін, бұршақты дақылдар, өсімдік майын, макарон және кондитерлік өнімдер, рельстер, аккумуляторлар мен арматура жөнелтетін болады. Бұл тауарлардың барлығы бүгінде қазақстандық экспорттың жартысынан астамын құрайды. Өз кезегінде, Нұр-Сұлтан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері 502 тауар аталымы бойынша импорттық баждарды азайтады.

МОХАММАД ВАТАНПУР, ЭКОНОМИСТ:

 - Бұл келісім барлығына бірдей тиімді болады: Иранға да, Қазақстанға да. Оның экономикалық артықшылығы бары да анық – бұл нарықтың дамуы, өзара байланысты нығайту, оған қоса, біз үшін позициямызды нық бекіту. Басқалары Иранның экономикасына кері әсерін тигізіп, оған қысымшылық көрсеткенде, Ислам мемлекетінің жақсы қаржылық серіктес екендігін түсінетін білікті саясаткерлердің табылғаны игі.

Екі жаққа да тиімді мәміле туралы алғаш рет 2018 жылы Астана экономикалық форумында сөз қозғалған болатын. Сол кезде Қазақстанның бас қаласында Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге қол қойылған болатын. Мұндай ынтымақтастықтың болашағы зор деп сарапшылар да айтқан еді. Саясаткерлердің сөзінше, бұл келісім экономикалық және стратегиялық тұрғыдан да маңызды қадамға айналды.

МАРИАМ ШОКРАНИ, САЯСИ ШОЛУШЫ:

 - Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Иранның да тауарларын кеңінен саудалауға септігін тигізеді. Адамдар Иранның несімен бай мемлекет екенін білетін болады, әрине, біздің халық Қазақстанның әлеуетімен танысады. Екіншіден, сыртқы саяси конъюнктура екі елді жақындастырып, Қазақстанмен де, Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекеттерімен де сауда қатынастарының деңгейін арттырады.

Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 2018 жылы 516 млн АҚШ долларын құрады. Сарапшылардың пікірінше, еркін аймақ құру туралы тұрақты келісім күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіш бірнеше есеге артады. Құжат ратификацияланған соң бір жылдың ішінде тараптар еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастайды.

Фото: kapital.kz