Жапония Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігін зерттемек

Қазақстанға Жапония делегациясы келеді. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау калаларына сапар жасап, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін зерттейді. Күншығыс елінің ірі корпорациялар өкілдері отандық кәсіпкерлермен нақты бизнес жобаларын талқылайды.

ЕРЛАН БАУДАРБЕК-ҚОЖАТАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАПОНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Елшілік өндірістік салаға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөледі. Аталған жұмыстың шеңберінде осы айдың аяғында жоғарғы технологиялық компаниялардың бизнес-миссиялары Қазақстанға жіберіледі.

Шетелдік инвесторларды Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен қолайлы географиялық орналасуы қызықтырады. Сонымен қатар технологияларымен бөлісуге дайын компаниялар үшін артықшылықтар мен салық жеңілдіктері қарастырылған.

НОБУО ЯГИ, ТЕМІР ҚОРЫТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біздің компанияларымыз құрыш пен металл бұйымдарын сатумен айналысады. Болат  шығаратын серіктесіміз қазірдің өзінде Қазақстанда жұмыс істеп жүр және өндірісін кеңейтуге ниетті. Ал біз үшін Қазақстан – жаңа нарық. Сол себептен, алдағы сапарымызда елдеріңіздегі инвестициялық ахуалдар туралы көбірек білуге мүдделіміз.

Қазіргі кезде Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып  келеді. Мұны статистикалық көрсеткіштерден аңғаруға болады. 2018 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен. Күншығыс елі Қазақстан экономикасына 400 миллион доллардан астам инвестиция құйған. Сондай-ақ соңғы бес жылда қазақстандық экспорт көлемі екі есе өскен. Бүгінде ол жапондық импорттан да асып отыр. Айта кетер бір жайт, тарихымызда алғаш рет отандық компаниялар Жапонияға сафлор майы мен бал сата бастады.

Фото: inform.kz