Алдағы 7 жылда Қазақстанда жылына 15 млн турист демалмақ

Алдағы 7 жылда Қазақстанда жылына 15 млн турист демалмақ

Қазақстанда туризм саласының қызметкерлеріне жауапты міндеттер жүктелді. Алдағы жеті жылда еліміздегі туристер санын жылына 15 миллион адамға, ал инвестициялар көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу межеленген. Осы мақсатта әр өлкеде туризм саласын дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды.

Мысалы, Қызылорда облысында үш жобаға басымдық берілмек. Оның ішінде, санаторлық-курорттық емдеу және жағажай демалысын, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуға бағытталған жобалар бар.

АЛДАБЕРГЕН ИСАЕВ, «ҚАМЫСТЫБАС» АУЫЛДЫҚ ТҰТЫНУШЫЛАР КООПЕРАТИВІ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл жерде агротуризм, этнографиялық, тарихи туризмді дамытамыз. Ақпараттық қызметтер де көрсетіледі. Жергілікті тұрғындар атпен, түйемен, қайықпен де серуендейді. Және көлдің ерекшелігі - емдік қасиеті бар. Соған байланысты келетін адамдар, демалушылар жылдан жылға көбеюде. Болашақта ауылға газ келсе, қыстық туризмді дамытуға мүмкіндік болады.

МҰХТАР ОРАЗБАЕВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Логистика тиімді, қолайлы деп айтуға болады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі үстімен өтіп жатыр. Әрбір жолаушының тынығып кетуіне қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. 2015-2016 жылы Арал ауданы үстімен Сексеуіл-Жезқазған теміржолы өтті.

Ал, Маңғыстау облысында ірі туристік кешеннің іргетасы қаланды. Ақтаудағы құны 57 миллиард теңге болатын инвестициялық жоба 2020 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Жоспар бойынша мұнда аквапарк пен спорт алаңдары жасалады, сондай-ақ Конгресс-холл бой көтереді.

ХУСЕЙН СЕЛЬЧУК ЙЕЛКЕН, ЖОБАНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

- Бүгін ірі туристік кешеннің капсуласы салынды. Оның жалпы аумағы 2 млн 270 мың шаршы метрді құрайды. Кешен Ақтаудан 20 шақырым жерде орналасады. Курортты аймақ құрылысы 5 кезеңнен тұрады. Мұнда 500 нөмірден тұратын ірі қонақүй кешені болады, оның ішінде 40 номер люкс, 60 бунгало. Сондай-ақ, Қазақстандағы ең ірі аквапарк, балаларға арналған және спорттық алаңдар салынады, гольф ойнайтын аймақ, суы жылытылатын үлкен мүйіс жасалады.

Биыл еліміздің шығысына келетін туристер саны 1,5 миллионнан асып жығылуы мүмкін.Отандық және шетелдік саяхатшылар Бұқтырма су қоймасына қызығушылық танытып жүр. Жергілікті тұрғындар жағалауды курортты аймаққа айналдыру керек дейді. Кәсіпкерлердің пікірінше, ресми мәртебе берілсе, өңірге инвестиция тартуға және туризм саласын дамытуға болады. Қазір Алтай  ауданында 120-дан аса демалыс аймағы бар. Соңғы бес жылда бұл аумақта 42 жаңа база салынды, тағы төртеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

МАРАТ ҚАБАҚОВ, ШҚО ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Үстіміздегі жылы Үкімет туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды жоспарлап отыр. Онда топ 10-ға және топ-50-ге кіретін туристік аймақтар анықталады. Олар ерекше бақылауға алынатын болады. Былтыр топ-10-ға Алакөл жағалауы, топ-50-ге Бұқтырма су қоймасы енді.

Мемлекеттік қолдау шаралары жазғы және қысқы демалысты дамытуға мүмкіндік береді, ал туризм саласы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс, дейді мамандар.

Фото: bnews.kz