Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда-саттық $17 млрд асқан

Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда-саттық $17 млрд асқан

Ресей Қазақстанның сенімді сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. 2018 жылы екі ел арасындағы өзара сауда-саттық 17 миллиард АҚШ долларынан асып жығылған. Бүгінде Ақтөбе облысының кәсіпкерлері көрші елдің нарығына шығып, әріптестік қатынас орнатқан. Қазіргі таңда өңірде шетелдік капиталдың қатысуымен 700-ден астам мекеме жұмыс істейді. Соның әрбір екіншісі – ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған.

Сонымен қатар, Орынбор облысымен өзара тиімді байланыс орнатылмақ. Қос мемлекеттің өндірушілері «Орынбор өңірі – Еуразия кіндігі» атты халықаралық форумы аясында «Қазақстанда жасалған» екінші сауда-өнеркәсіптік жәрмеңкесі барысында экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейте түспек. Шара қазан айында өткізілмек.

АЛМАС САЛЫҚБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ АҚПАРАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,5 миллиард долларға жуықтады. Елімізден металл кені, хром концентраты сырт мемлекеттерге шығарылады. Ал азық-түліктің кейбір түрлері, ағаш, құрылыс материалдары импортталады. Ақтөбе өңірі Орынбор облысымен арадағы мәдени, әлеуметттік-экономикалық байланыстарды одан әрі күшейтпек.

Шекаралас аймақтың бірі Павлодар облысы да Ресеймен қоса, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен де ынтымақтастықты нығайтуда. Әсіресе Ресейдің каустикалық сода мен хлор-сілті өндіретін кәсіпорындарынан сұраныс көп. Біздегі қыздырылған мұнай коксының да экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл екі өндіріс те «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жақында экспортқа бағытталған тағы да екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл қоспалы автокөлік дискілерін шығаратын және алюминийден фольгалар мен профильдер жасайтын зауыттар.

АЙБЕК ТҰРСЫНҒАЛИЕВ, «ПАВЛОДАР» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ БК» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Өндірілген өнімнің 40 проценті экспортқа бағытталады. Біз жыл сайын сыртқы нарыққа шығатын өнім түрлерін арттырып отырамыз. Бүгінгі таңда 16 түрлі тауар экспортталады. Тұтынушыларға келетін болсақ, олар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер. Біздің негізгі серіктесіміз - Ресей. Өйткені өнімнің 80 проценті осы елге жеткізіледі.

Қазір сұйық отын өндірісіне қажет қоспалар мен химиялық реагенттер шығаратын зауыттың құрылысын бастау үшін Италияның трансұлттық компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр. Серпінді жобаға құйылатын инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрамақ.

Фото: prm.ua