Биыл Алакөлге 2 миллион турист келуі мүмкін

Биыл Алакөлге 2 миллион турист келуі мүмкін

Биыл жазда Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Алакөлге 2 миллионнан астам саяхатшы келеді деп мамандар болжам жасады.

Демалушылар санын арттыру үшін өңірде инфрақұрылымды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Қазіргі кезде жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асуда.

Соңғы жылдары Алакөл жағасында жалпы саны 200-ге жуық туристік нысан бой көтерді, ал биыл тағы 15-і іске қосылады. Оның ішінде жаңа емдеу-сауықтыру кешені де бар. Кешен шетелдік инвестициялар есебінен салынады.

ДУЛАТ АСЫЛБЕКОВ, ИНВЕСТОР:

- Жалпы құрылыс ауданы - 4800 шаршы метр. Құны 4,5 миллион долларға жуық. 48 номер жасау жоспарлануда. Бір уақытта 150 пациент пен демалушы қоныстана алады.

Демалысты ұйымдастыру курорттық іс және туризм мамандарының басты міндеті болып табылады. Өңірге саяхатшыларды тарту стратегиясының бірі – жаппай мәдени, ойын-сауық шараларын тиімді ұйымдастырумен екшеленеді.

АРМАН АХМЕТҚАЛИЕВ, ИНВЕСТОР:

- Халықаралық әрі қазақстандық әртүрлі фестивальдер өткізетін жобаны қолға аламыз. Құны - 200 миллион теңге, жобаның құрылыс уақыты 2019-2020 жылдар деп жоспарлап отырмыз.

Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Алакөл маңындағы Жалаңашкөл бекетіне дейін пойыз қатынасы жандандырылды.

Бұған қоса, Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорғаннан тікелей әуе және теміржол қатынастары бар.

Бүгінде тасжолды жөндеу бойынша ірі жобаны іске асыруға 300 миллиард теңге бағытталды. Былтыр 102 шақырым жолға жөндеу жүргізілді. Биыл 265 шақырым жолдағы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілмек.

ҰЛАН ӘЛІПОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Биыл Талдықорған мен Қалбатаудың   арасында 120 шақырым жолды жүріске береміз. Ол толық бітпейді, бірақ арасында біткен асфальт бетон жамылғысын жапқан жерлерде жүрісті өткізіп отырамыз. Енді алдымен нашар жерлерді бірінші кезекте жөндеу туралы тапсырма алдық.

Соңғы екі жылда өңірге 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Осы уақыт аралығында туристер ағыны 2,5 есеге артқан,  ал көрсетілген қызметтер көлемі 6 миллиард теңгеге жетті.

Фото: today.kz