Батыс Қазақстан облысында соңғы үлгідегі ет комбинаттары көбейе бастады

Батыс Қазақстан облысында соңғы үлгідегі ет комбинаттары көбейе бастады

Еліміздің батыс өңірінде мал сою кешендері көбейіп келеді. Олардың тигізер пайдасы да мол. Бұл жергілікті шаруалардың мал шаруашылығымен белсенді айналысуына жол ашады. Сәйкесінше, ет өнімдерінің экспорты да еселеп өсті.

Былтыр аймақ шаруалары 2,5 мың тонна сиыр етін шетелге сатқан. Ал қой етінің экпорты 634 тоннадан асқан.

Аққозы ауылында мал сою кешені 2017 жылы іске қосылыпты. Шаруа қожалықтары мұнда негізінен ірі қара мен қой малын әкеледі. Кешен қуаты әр ауысымда 30 бас ірі қара мен 200-дей қой союға жетеді.

НҰРБОЛ БОЗОВ, ҚАРАТӨБЕ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Барлық мал осы кешенде сойылады. Бұған қоса, шаруа қожалықтары, жеке адамдар өздері барып, малын тапсыра алады. Бұл жерде еттер вакумдалып, сатушыға ыңғайланып шығарылады. Былтыр субсидияға іліну үшін ол 200 басқа қосымша линия орнатты.

Былтыр Қаратөбелік шаруалар алғаш рет қозы етін экспорттады.

Тек осы кешенге қарасты шаруашылықтың өзі 10 тонна қой етін көрші елдер нарығына шығарған.

Жаңа желінің тиімді тұстары көп. Аудан шаруашылықтарына тапсырылған әр бас үшін субсидия төленеді. Бұл жеке тұрғындар үшін де, қожалықтарға да өте тиімді, дейді мамандар.

ҚОНЫС МҰҚАНОВ, АҚҚОЗЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

-Ірі қарамен, қоймен айналысып оытрғандар да үкіметтің қолдауына ие. Өйткені қазір түрлендіру бағытында 25 аналыққа бір бұқа қосады. Соған байланысты субсидия алып отыр.

Кешен қызметіне сұраныс болғандықтан, қазіргі 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы аздық етіп отыр. Сондықтан, келешекте осы мал сою кешенінің жанынан мың басқа арналған жаңа бордақылау алаңын салу жоспарда бар. Ал сойылған мал еті осы жерде өңделіп, тоңазытылған күйде тұтынушыға жеткізіледі.

ҚҰСАЙЫН МҰҚАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Бұл асханаларға баратын өнім, өте қолайлы. Бұрынғыдай балталап бөліп отырмайды, осылай дайын күйінде жөнелтіп жатырмыз. Кейін Қаратөбенің етін мұхит асырайық деген ойымыз бар.

Аймақта тоңазытылған ірі қара мен қой еті негізінен Ресей, Армения, Иран Ислам Республикасы және Қырғызстан елдерінің нарығына жол тартады. Жыл соңына дейін 3000 тонна сиыр еті мен 800 тонна қой етін экспорттау жоспарланып отыр.

Фото: bossagro.kz