Түркістан облысы экспорттық әлеуетін арттыруда

Түркістан облысы экспорттық әлеуетін арттыруда

Түркістан аймағының дихандары мен бағбандары өңірдің экспорттық әлеуетін арттыра түсуде. Оңтүстік аймақ ішкі және сыртқы нарықты көкөністер, жемістер, жидектер және мал өнімдерімен қамтамасыз етуге дайын.

Жетісай ауданының диқандары биыл көкөніс өнімдерін алғаш рет Ресей Федерациясына экспорттады. Бүгінгі таңда көршілес ел дүкендерінің сөрелеріне 30 тонна бақша дақылдары жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 90 тонна экспорттау жоспарланып отыр.

Ал, мамыр айының орта кезінде облыста өріктің алғашқы өнімі пісті. Күн сайын мұнда жүздеген килограмм өнім жиналып, экспортталады. 500 гектар бау-бақша алқабында  алма, қара өрік, шабдалы, жүзім және шие өсіріледі.

САБЫРЖАН БЕКОВ, БАҒБАН:

- Өрікті Ресейге жібереміз. Қазір жинап, жәшіктерге салып жатырмыз. Өздері келіп алып кетеді. Пісіп кетсе, жолға жарамайды. Біз қазір көктеу кезінде аламыз, ол жетемін дегенше өз қалпына келіп, піседі. Ресейліктер біз дайындаған соң келіп, алқап басынан 500 кг-дық топтаманы алып кетеді.

Сонымен қатар, өткен жылы Түркістан облысы диқандары 220 млн АҚШ доллары болатын 1,5 млн тоннаның ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарған. Көкөністер, жемістер мен ет өнімдерінің жартысынан көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарықтарына шығып үлгерді.

Сондай-ақ, биыл экспорт көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жергілікті фермерлер шетелге 60 миллион долларға өнім жіберген. Ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға да ерекше көңіл бөлінеді.

НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Ет өнімдерін экспорттау жыл сайын артып отыр. Былтырғы жылы алғаш рет Түркістан облысы ет өнімін экспортқа шығарып, республикада ет өнімінің 50 пайызын өндірді. Нәтижесінде 9 мың тоннадан астам ет өнімі Өзбекстан, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иранға жөнелтілді. Биыл 5 мың тонна ет экспорттау тапсырылса, қазірдің өзінде 4700 тонна ет көрші елдерге шығарылды.

Жалпы Түркістан облысында 90-ға жуық экспорттаушы-кәсіпорын бар.

Агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, экспорт 2,5 есе өсіп, 1,7-ден 4,1 млн тоннаға дейін өседі.

Фото: otyrar.kz