Қазақстан ет экспортын еселемек

Қазақстан Иран, Бахрейн, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне ет экспортын еселемек. Осы ретте Жамбыл облысы қой етін сыртқа жөнелтуден республика бойынша көш бастап тұр. Өткен жылы елімізде 3800 тонна қой еті шетел нарығына шығарылса, оның 44 проценті әулиеаталық тауар өндірушілердің үлесінде. Енді биыл өнім көлемін 2 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі күнге дейін 900 тоннаға жуық сиыр мен қой еті экспортталған. Өңірдің осы бағыттағы әлеуетін арттыру мақсатында аймақта арнайы бағдарлама қабылданған.

БАЛЖАН ЫСҚАҚОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- 2018-2027 жылдарға «Сыбаға» бағдарламасы аясында облысымызда индикативті көрсеткіштер белгіленіп, сол жылдардың аралығында 36 мың бас ірі қара шетелден әкелу жоспарлануда. Биылғы жылы 4 мың бас кіргізуіміз қажет. + Ірі қара бойынша бізде 26 мал бордақылау алаңы бар. Олардың жылдық қуаты 30 мың бастан асады. Барлығын қосқанда 30 мың басты бір дегенде бордақылай алады.

Алматы облысының шаруалары болса, биыл 4 мың тонна ет экспорттамақ. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есеге көп. Өңірде жыл сайын 350-360 мың тонна ет өндіріледі.   

Ирандық тұтынушылар қазақстандық өнімдерін бағалап үлгерген. Соңғы жарты жылда еліміз Тегеранға бірнеше рейс бойы Ақмоладан сиыр етін тасыды.  Бұл 2016-шы жылы екі тарап қол қойған ауыл шаруашлығы саласы бойынша серіктестік туралы ортақ меморандумның нәтижесі. Қазақстаннан тасымалданатын етті қабылдау және өңдеумен 4 бірдей тегерандық ет комбинаты айналысады. Айтуларынша, қазақ елінің өнімдері халал стандартқа сай келеді және құрамында гендік модификацияланған қоспасы жоқ.

АЛИ ШАФАХ, ЕТ ИМПОРТТАУШЫ /ИРАН/:

- Қазақстаннан алғаш рет сиыр етін тасымалдағанымызда-ақ, сенімді серіктес болатынын бірден білдік. Себебі өнім барлық стандартқа сай келеді. Экономикалық тұрғыдан да тиімді. Тауарды әуе көлігі арқылы жеткіземіз. Ол еттің сапасын сақтап, уақытты да үнемдейді. Бір рейсте 70 тоннаға жуық етті қабылдаймыз.

Алдағы уақытта Иран мен Қазақстан ортақ тауар айналымды 3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды жоспарлап отыр. Оның басым бөлігі Тегеранға балғын ет пен ірі қара малды импорттауды құрамақ. Бүгінде сиыр және қой еттерін тасымалдауға рұқсат беретін қажетті ветеринарлық құжаттар дайындалып жатыр.

МОХАММАД АНСАРИ ТАРГИ, КӘСІПКЕР /ИРАН/:

- Қазақстаннан ет тасымалдау Иранның ішкі нарығына серпіліс берді. Себебі Ирандық ет қымбат. Оны кез-келген тұрғын сатып ала бермейді. Ал, Қазақстандық өнімдер арқылы тұтынушы таңдауға ие болады. Бәскелестік пайда болады.

Алдағы екі айда Тегеранға тағы да отандық ет өнімдері жеткізілуі керек. Сонда орта есеппен Иран жыл басынан бері 500 тонна қазақтандық етті тұтынған болады. Жалпы, Қазақстан 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 11 еліне 33 мың тонна ет экспорттады.

Фото: kapital.kz