Еуразиялық экономикалық одақ мүше мемлекеттерге не берді?

Құрылғанына 5 жыл болған Еуразиялық экономикалық одақ мүше мемлекеттерге не берді? Тауарлар мен қызметтердің, капиталдың ортақ нарығы қалыптасты. Өзара саудамен қатар үшінші елдердің нарықтарына экспорт көлемі артты. 5 жыл ішінде атқарылған жұмысты және оның нәтижелерін саралаған сарапшылар осындай жағдайларды атап көрсетеді.

АСҚАР КІШКЕМБАЕВ, ЕЭК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ САЯСАТЫ МИНИСТРІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Қандай да бір интеграциялық құрылымға мүше бола тұрып, сын-қатерлерге төтеп беру жеңілірек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын бастап берген интеграцияның дұрыс бағытының жемісін енді көріп отырмыз.

Еуразиялық интеграцияның басты бағыттарының бірі өнеркәсіптік кооперацияны жаңа деңгейге көтеру болатын. Осы мақсатта Еуразия желісі жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындардың өз қызметтері мен тауарларын сатуға және одақ кеңістігінде жаңа тұтынушыларды табуға мүмкіндік беретін сандық платформа.

ДМИТРИЙ ЖУРАВЛЕВ, АЙМАҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Өзара ынтымақтастық біздің өнеркәсіптік әлеуетімізді одан әрі күшейтуге көмектеседі. Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения мен Қырғызстан да өздерінің өнеркәсіптік өндірісін дамытуға барынша күш салуда. Себебі онсыз дербес экономика, дербес саясат болмайтыны анық.

НИКИТА МЕНДКОВИЧ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӨНІНДЕГІ РЕСЕЙ КЕҢЕСІНІҢ МАМАНЫ:

- Еркін сауда аймағына  басқа елдер қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде Вьетнам және Иран елдерімен жасалған келісім күшіне енген. Ал Қытай және Кубамен шекті келісім орнаған. Бұған қоса, тағы 10 ел келісім жасасуға өтінім білдіріп отыр. Оның ішінде Египет мен Үндістан елдері де бар. Кез келген бизнес үлкен нарыққа шығуға тырысады. Ал біздің нарық соңғы есепке сәйкес, 184 млн. адамды құрайды.

Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақпен институционалдық байланыс орнатуға 50-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйым қызығушылық білдірген. Бұл Одақтың халықаралық аренадағы ролі айқындалып, беделі артқанын көрсетеді. 

Фото: belta.by