Зеренді демалыс аймағы қарқынды дамиды

Туристер үшін тартымды өлкенің бірі Зеренді Ақмола облысында орналасқан. Бурабай секілді аты әлемге әйгілі болмаса да, Зеренді – табиғаты көркем,  тынығуға жайлы, жанында көлі мен тауы бар шағын ғана демалыс аймағы. 

Мұнда саланы өркендетудің жол картасы әзірленді. Жобаның жалпы құны 28 млрд теңге. Қазір мұнда 30 шақты туристік нысан бар. Олардың қатары жыл санап көбейіп келеді.            

Кәсіпкер Ақмарал Омарова жазғы маусымға қызу дайындық үстінде. Келушілердің көңілінен шығу үшін экологиялық таза үйлер тұрғызылған.

АҚМАРАЛ ОМАРОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

- Біздің бар мақсат-міндетіміз - келушілердің ерекше демалуына жағдай жасау, өйткені бұл өте маңызды. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Тек қана рахаттанып тынықса болды. Ал мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылым жасалса дейміз. Зеренді демалыс аймағы бұдан да тартымды бола түседі. Келем деушілерге қолайлы, әрі қолжетімді болмақ.

Жаңа жол картасын іске асыру шеңберінде тісті инфрақұрылым жасалады. Зерендіден ары Солтүстік Қазақстан облысының Имантау және Айыртау демалыс аймақтарына қарай жаңа жол салынбақ.

МАРАТ ИҒАЛИ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Ауыл – ел бесігі» деген бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен Зерендіге 1,3 млрд теңге бөлеміз. Бұл қаражат жолдар, инфрақұрылым, Зерендінің  аудан орталығына жұмсалады. Себебі жол болса, Ресей жақтан келетін туристер 2 есе өседі деп болжап отырмыз.

Жаңа жобаның аясында тек жол жөндеу ғана емес, туристерді қызықтыратын түрлі бағдарламалар әзірленген.

КҮЛИЯ БЕКСҰЛТАНОВА, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біз туристік бағыттар әзірлеп отырмыз. Мәселен, саяхатшылар Исаковка ауылдық округіне қарасты Әулиебұлаққа, одан әрі Әулиетасқа бара алады. Үлгілі ауылының маңындағы сарқырама да келушілерді қызықтырмай қоймайды. Яғни туристер тек Зерендінің өзіне ғана келіп-кетпей, маңайдағы барлық көрікті және киелі жерлерді араламақ.

Жергілікті туристік нысандардың барлығы Зерен көлін жағалай орналасқан. Былтыр мұнда 300 мыңға жуық турист келсе, биыл бұр көрсеткіш артарына сенім мол.

Фото: the-steppe.com