Қазақстанның балы Ұлыбританияның сауда сөресіне қойылуы мүмкін

Қазақстандық бал өндірушілердің өнімдері Лондонда халықаралық көрмеге шығарылды. Отандық компаниялар әртүрлі сорттардан тұратын 20 килограммға жуық өнім әкелген.

Қатысудағы мақсат - британиялық тұтынушыларға қазақстандық омарташылардың дәмді өнім шығара алатындығын дәлелдеу.

Жыл сайынғы шараның ұйымдастырушысы - Словенияның Ұлыбританиядағы елшілігі.

ӘНУАР ӘДІЛБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БЛОГЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

- Біздің өнім бәсекеге қабілетті. Оны мына көрмеден байқауға болады. Өйткені келушілердің қызығушылығы зор. Әсіресе шырғанақ қосылған бал өнімдеріне сұраныс ерекше. Мұндай дәм Лондонда трендке айналса керек.

Отандық өнімнің дәмін татамын деушілер көп болды. Жәрмеңке қонақтары прополиске негізделген ауыз қуысына арналған спрейлер мен косметикалық майларға, сондай-ақ қызылжидек, мүкжидек, қаражидек пен шырғанақ қосылған қазақстандық балға жоғары бағаларын берді.

ПИТЕР ИМРИШ, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ:

- Шырғанақ қосылған балдың дәмін бірінші рет татып көрдім. Ол ерекше. Оның өзгешелігі басқа өніммен араласқандығында деп ойлаймын.

Көрмеде әр елдің қатысушылары өз өнімдерін таныстырды, олардың ішінде бал, балауыз, тозаң мен сүт негізінде дайындалған дәрілік заттар мен косметика бар.

ТАДЕЛЬ РУПЕЛЬ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ СЛОВЕНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Бүгін көрмеге әлемнің 30 елінен өкіл қатысып отыр. Латын Америкасы, Африка, Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Жерорта теңізінен де бар. Қазақстанның да көрмеге қатысып, елшілеріңіздің қолдау білдіргеніне өте қуаныштымын.

Шарадан кейін қазақстандық өнім дүкендер желісі бар жергілікті компанияларға жіберілетін болады. Дәмі сыналып, қажетті сараптама жүргізіледі. Британиялықтар қызығушылық танытқан жағдайда тиісті сертификаттар алынып, біздің балымыз Біріккен Корольдікке импортталмақ.

Фото: pachodo.org