Ақтөбе облысында 9 жаңа өндіріс іске қосылады

Ақтөбе облысында 9 жаңа өндіріс іске қосылады

«Ақтөбе» индустриялық аймағының географиялық тұрғыдан  тиімді орналасуы көптеген кәсіпкерлердің қызығушылығын оятты.

Бүгінде оның аумағында 5 ірі кәсіпорын жұмысы шоғырланған. 200 гектар жердің 80 пайызы инвесторларға бөлініп берілді. Кәсіпкерлер бір гектар үшін 120 миллион теңге төлейді.

Жыл соңына дейін мұнда 9 жаңа өндіріс іске қосылады. Сонымен қатар, жалпы құны 68 миллиард теңгені құрайтын 11 инновациялық жоба әзірлену үстінде.

ТӨРЕХАН ТӨРЕБЕКҰЛЫ, «АҚТӨБЕ» ӘКК МЕНЕДЖЕРІ:

- 2019 жылға келер болсақ, жоспар бойынша жалпы құны 23,7 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда. Индустриалық аймақтағы жалпы 25 проекттің құны 96,6 миллард теңгені құрайтын болады.

Алдағы уақытта батыс аймақта баламасы жоқ керамика тақтайшаларын шығаратын зауыт құрылысы тәмамдалуы тиіс. Жаңа кәсіпорынның инвестициялық құны 9 миллиард теңгеден асады. Өндіріс орны өнімнің басым бөлігін көрші мемлекеттерге жөнелтпек.

ВИТАЛИЙ НАЗАРЕНКО, ЗАУЫТ ӨКІЛІ:

- Қуаттылығы бойынша батыс аймақта бұл зауытқа тең келетін өндіріс жоқ. Сондықтан құрылысты тез арада аяқтауды көздеп отырмыз. Сапасы да жоғары. Сондықтан Ресей нарығында сұранысқа ие болады деп сенеміз.

Бұл «А» классындағы жаңа көлік-логистикалық орталық. Қоймалар мен жүк өңдеу жүйесі техниканың соңғы үлгісімен жасақталған. Орталықтың орналасуы да тиімді.

ӘЛІМЖАН ЖАЛБАТОРОВ, «АҚТӨБЕ» ӘКК ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Бұл логистикалық орталықтың барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Теміржол, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында. Бұл тұрмыстық техниканы Қызылорда облысын қамти отырып, Батыс Қазақстан бойынша үлестіруге мүмкіндік береді. Мұнда цифрлық есепке алу жүйесі және жүктің орнын ауыстыру енгізілген.

Индустриалды аймақта лактық-бояу және сәндік сылақ жасау зауыты секілді перспективті жобалар да жүзеге асырылмақ. Жобаны жүргізуге болгар кәсіпкерлері мүдделі. Батыс Қазақстан үшін бірегей тағы да бір өндіріс орны – жүк көліктерінің шиналарын реставрациялау зауыты. Еуропада осы сияқты екі өндірісті басқаратын неміс инвесторы аталмыш жобаны іске асыруға 800 миллион теңге жұмсамақ.

Фото: 24.kz