Қазақстан мен Түркия тауар айналымын $5 млрд дейін өсірмек

Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық нығая түсті. Тараптар инвестиция, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік және сауда сияқты салаларда бірлесе жұмыс істейді. 2019 жылдың алғашқы үш айында екі ел арасындағы екіжақты сауда айналымы 632 млн долларға жеткен.  Өткен жылмен салыстырғанда өсім 50 пайыздан асқан. Екі ел өкілдерінің айтуынша, жоғары өсу қарқыны өнімділікті арттырады.

МЕВЛЮТ ЧАВУШОГЛУ, ТҮРКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

- Біз ынтымақтастықты нығайта түсуге және инвестициялардың санын көбейтуге барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Екі ел арасындағы тауар айналымының үлесін 5 миллиардқа дейін өсіру жоспарда бар. Тіпті, 10 миллиард долларға жетуі де әбден мүмкін.

Біздің республикамыздың аумағында түрік капиталынының қатысуымен 2 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Маңызды серіктестік қатарында  әскери саладағы ынтымақтастық пен Еуропа мен Азия арасындағы трансконтинентальды мультимодальды тасымалдау, оның ішінде «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары да бар.

БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

- Бүгінгі таңда Қазақстан Ақтау портын жаңғырту арқылы өз әлеуетін кеңейте түсті. Біз түрік инвесторларына Ақтау портында көліктік-логистикалық хабты дамыту үшін белсенді түрде қатысуға шақырдық. Әскери салада біздің ынтымақтастығымыздың бір мысалы – 2013 жылы ашылған бірлескен кәсіпорын. Қазіргі уақытта компания «Қазақстанда жасалған» белгісімен  әскери және азаматтық өнімдерді, тауарларды Түркияға экспорттауға кірісіп кетті.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор.  Түрік әріптестерінің табысты тәжірибесі және Ұлы дала елінің табиғи байлығы екі түркітілдес мемлекет үшін үлкен перспективаларға жол ашады.

Фото: 365info.kz