«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізуде

Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті дамуға зор мүмкіндіктер ашады. Жүк тасымалының көлемін арттырудан түсетін экономикалық табыстан басқа, жалпы мультипликативтік әсері айтарлықтай. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіменің Ақтөбе облысындағы бөлігімен тәулігіне он мыңға жуық көлік жүреді. Ал тасжолды реконструкциялаудың нәтижесінде жүк тасымалының көлемі 2,5 еседен артық ұлғайды.

Өз кезегінде, көлік магистралін белсенді пайдалану шағын және орта кәсіпкерліктің де дамуына септігін тигізді. Ақтөбе өңірінің бір өзінде 54 кемпинг бой көтерді. Бұдан басқа, қосымша жол бойында бес қызмет көрсету орталығын салу жоспарланып отыр.

ӘУЕЗ АРЫЗҒҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

- Ақтөбе облысында республикалық және халықаралық маңыздағы жолдар бойында 137 қызмет көрсету нысаны орналасқан, оның ішінде жол бойында қызмет көрсететін 54 нысан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінде. 75 нысан Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының санаттарына сай келеді, атап айтқанда, 4 нысан А санатына, төртеуі В, 39-ы С санатына және 28 нысан Д категориясына жатады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жүк жеткізу уақытын айтарлықтай үнемдейді. Егер тауарды теңіз арқылы жеткізуге 1,5 айға жуық, теміржолмен – 14 күн уақыт жұмсалса, магистраль арқылы көлікпен жеткізуге 10 тәулік жеткілікті.

МАРАТ МАХАМБЕТОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан арқылы өтетін жүк ағыны жылына 13 миллион тоннаны құрайтын, ал халықаралық көлік дәлізі салынған соң бұл көрсеткіш жылына 33 миллион тоннаға дейін артты.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін белсенді пайдалану бизнестің түрлі бағыттарының дамуына септігін тигізеді, дейді сарапшылар. Қазіргі кезде өңірде республикалық және халықаралық маңыздағы жолдардың бойында асхана, демалыс орындары мен техникалық қызмет көрсету станциялары мен көлік тұрақтары салынып жатыр.

Фото: trend.az