Қазақстан әртүрлі туризм салаларын дамытуда

Қазақстан әртүрлі туризм салаларын дамытуда

Өткен жылы Қазақстанға 8,5 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Біздің елімізге, әсіресе, Орталық Азия, Ресей, Түркия, Германия, Әзербайжан және басқа да көптеген елдердің саяхатшылары қызығушылық танытады.

Сарапшылардың пікірінше, республикада тек бизнес-туризм ғана емес, сонымен қатар медициналық және шипажай туризмі де дамып келеді. Шетелдік саяхатшылар Алакөлдің жағасында және Бурабай ормандарында демалып, сонымен бірге ем-дом қабылдау үшін келеді екен.

Жақын арада Ақтаудың жағасындағы жаңа демалыс базасы мен қонақүйлері іске қосылып, туристерді қабылдайды. Олардың құрылысы маусым айында басталады. Түрік инвесторлары мұнда арнайы жылы хауыз орналастыруды да жоспарлап отыр.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз әлеуетті инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ол үшін дамыған инфрақұрылым қажет. Инженерлік желілерді қамтамасыз ету де маңызды. Жұмысымыз жақсы. Әріптестерімзбен жеке іс-қимыл жоспарын дайындаймыз, әр жобаға жеке құжаттар жасаймыз, аймақта инвестицияларды дамытудың жаңа кезеңі басталды деп айта аламын.

Қазақстанға келген әрбір турист елде құрылған туристік полицияның көмегіне жүгіне алады. Ондағы құрылымдар қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, туристер қызығушылық танытқан мәселелер бойынша ақыл-кеңестер мен ақпараттар ұсына алады. Туристік полиция өкілдері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ  Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында сәтті жұмыс істеп тұр. Себебі еліміздің бұл қалаларына туристер ағыны өте көп келеді.

АРМАН БАЙМҰХАМЕТ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Олардың міндеті шетелдік азаматтармен тікелей байланысты. Яғни шетел азаматтары көп шоғырланған туристік орындарда жұмыс жасау. Туристерде қиындықтар туындауы мүмкін немесе аудармашы керек болады.

2025 жылға қарай еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 8%-ға дейін көтерілуі тиіс. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2017 жылы Үкімет туризм саласын дамытуға жұмсалатын қаржы көлемін бес есеге ұлғайтты.

Photo: astana.zagranitsa.com