Әлемдік қаржы орталықтары АХҚО-мен ынтымақтастықты нығайтпақ

Әлемдік қаржы орталықтары АХҚО-мен ынтымақтастықты нығайтпақ

Халықарлық валюта қоры, Еуразия құрылыс және даму банкі, Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық және инвестициялық банкі мен Дүниежүзілік банк сияқты әлемдік қаржы институттары Астана халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Олардың барлығы «Астана» халықаралық қаржы орталығымен стратегиялық әріптес болып табылады. Осы ретте биыл Бүкіләлемдік банк сарапшылары Астана Халықаралық қаржы орталығының мамандарын қаржы саласындағы сот сараптамасы негіздеріне үйрететін болады. Мамандар мұны маңызды қадамға балап отыр.

ВАЛИД МАЛИК, БҮКІЛӘЛЕМДІК БАНКТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МАМАНЫ /АҚШ/:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғалы барлық механизмдердің құрылуына ат салыстық. Біздің банк алдын ала кеңеске қатысқан болатын. Біз «Астана» қаржы орталығын әлемге танымал ету мақсатында өз көмегімізді қосатын боламыз. Келешекте де орталықтың инвесторларды тарту ісінде ілгерілуіне көмегіміз тиеді.  Алдағы уақытта серіктестігіміз жемісті боларына сенімдімін.

Айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығына деген қызығушылық қатысушылар арасында салық жеңілдіктері, жеңілдетілген валюта, виза және еңбек режимдеріндегі оңтайлы жағдайларға қатысты арта түскен. Сарапшылардың пікірінше, болашақта орталық қаржы хабы ретінде Орталық Азия, Кавказ тауының маңы және Ресей елдерін байланыстыра алады.

ХАМЗА АЛИ МАЛИК, БҰҰ ЭСКАТО ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОР:

- Біз көптеген үкіметтермен, соның ішінде Қазақстанмен жұмыс істейміз. Атап айтқанда, инфрақұрылымды қаржыландыруға байланысты жобаларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда біз «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз әріптестік орнаттық.

Фото: inform.kz