Түркістан облысында 135 мың ШОБ нысаны тіркелген

Түркістан облысында 135 мың шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Бұл республика бойынша екінші көрсеткіш. Былтыр аймақта 10 ірі жоба іске қосылды. Олардың арасында құрғақ сүт өндіретін зауыт пен пластик бөтелкелер шығаратын өндіріс ошағы да бар. Жуырда мұнда темірбетон бұйымдарын өндіретін жаңа зауыт пайда болды. Бұл өндіріс орны құрылыс кәсіпорындарын өнімдердің бірнеше түрімен қамтамасыз етіп отыр. 

МҰХТАР АҚЫЛБЕКОВ, ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІС БАСШЫСЫ:

- Қазіргі тыңда  перемычка, шығыршық, тауарлы бетон сияқты 6 өнім шығарылады. Мына салынып жатқан шағын аудандарға, Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандарына, Кентау қаласына сатып жатырмыз. 

Түркістандағы құрылыстың өрістеуі кәсіпорын өнімдеріне деген сұранысты күшейтті. Мердігерлер жергілікті өнім саналатын бетон плиталар мен жабындарға кезекке тұратын болған. Шикізатқа келсек, цемент пен темір арқаулар Шымкенттен әкелінеді. Ал қиыршық тас қала маңынан қазып алынады. Кәсіпорын тәулігіне 400 шаршы метр бетон бұйым өндіреді.

Жалпы Түркістан индустриалды аймағында 14 кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылы олар 3,5 млрд теңгенің өнімін өндірді.

САМАТ КӨШКІНБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- 2018 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 495 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік үшін қаржылай қолдау қолжетімді.

Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өңірде құны 14 миллиард теңге болатын 19 ірі кәсіпорынның құрылысын бастау көзделіп отыр.

Фото: informburo.kz