Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда

Бүгінде 800-ден аса тауар түрі 120 мемлекетке жөнелтіледі. Негізінен, отандық тағам және өнеркәсіптік тауарлар әсіресе сұранысы көп ауқымды Қытай нарығына жеткізіледі. Сондай-ақ, Аспан асты елі машина жасау және тау-кен металлургия салаларының өнімдерін сатып алуға ниетті. Қазіргі кезде қытайлық тұтынушылар аккумулятор мен трансформаторлар шығаратын Кентау зауытының өнімдерін тұтынады. Бұдан басқа, 55 қазақстандық-қытайлық бірлеске жоба жүзеге асырылып жатыр.

АМАНИЯЗ ЕРЖАНОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Гидравлика, тегершіктер мен клапандар шығаратын Киров атындағы машина жасау зауытымыз да Қытай нарығына енді. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізілуде. Біздің тоқыма өнімдеріміз де көрші елдің нарығына шығарылатын болады.

ҚАДЫРБЕК МЕЙРАМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

- Қытайда біз бірнеше көрмеге қатыстық. Осы өткен жылдың күзіндегі Шанхайдағы көрмеде саумалдың дәмін көреміз деп, жұрт біздің павильонға ұзынсонар кезекке тұрды. Шекара ашылған соң, бірінші партия Қытайға кіреді, экспорттық жағдай түзеледі.

Алматы облысының шаруалары да шетелдік нарықтарға шығуды жоспарлап отыр. Үш жылдан кейін жергілікті қарақат пен таңқурай да экспортқа шығарылады. Қазіргі кезде 500 гектар алқапта жеміс көшеттерін отырғызу жұмыстары басталып кетті. Айтулы жеміс-жидек жергілікті климатқа бейімделген. Мамандардың айтуынша, бір гектардан орта есеппен 12-17 тонна өнім алу көзделген.

АЗАМАТ ӘБІШОВ,  ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

- Өнім бере бастағаннан кейін, жиналған жеміс-жидек көлемі 1 млн тоннаға дейін көбейсе, сыртқа шығарамыз. Фасовка жасап, миницех, зауыт саламыз.

Фото: azernews.az