Нұр-Сұлтанда жаһандық инвестиция жөніндегі жиын өтті

Қазақстанда шетелдік іскерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелге қатысқан мыңнан аса сарапшы мен әлемнің қырық елінен жиналған кәсіпкерлердің ортақ пікірі осындай. Ең алдымен, шетелдік іскерлерді елімізде капитал салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдіктер, заңнама, экономикалық және саяси тұрақтылық қызықтырады. Қаржы бағыттауға аса тиімді салалардың қатарында кәсіпкерлер тағам және агроөнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ- технологиялар және құрылыс секторларын атайды. Олар Қазақстанның дәл осы салаларын дамытуға қаржы құюға дайын.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Инвестиция – ел экономикасы дамуының маңызды құралы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 300 миллиард теңгеден аса қаржы тартылды. 2018 жылы Орталық Азияға бағытталған тікелей емес инвестициялардың 24 миллиард теңгесі Қазақстан экономикасына құйылды. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі өсіп келеді. Осы орайда Нью-Йорк, Лондон, Шанхай қаржы институттарының ең озық тәжірибесін ендірген Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін атап өту қажет.

Құны бір миллиард АҚШ долларынан асатын Орталық Азиядағы ең ірі инвестжоба Түркістан облысында жүзеге асатын болады. Онда жалпы аумағы 500 гектарға жуық жылыжай кешені бой көтереді. Жобаға ресейлік компания қаржы құймақ.

АЛЕКСАНДР РУДАКОВ, КӘСІПКЕР /РЕСЕЙ/:

- Осы инвестициялық жобаларды іске асыруда қолдау көрсеткен Қазақстан үкіметіне алғыс айтамыз. Қазір инфрақұрылым тартылып жатыр. Көрсетілген көмектің арқасында инвестициялық бюджетіміз қысқарып, салған қаржыны қайтару мерзімі де азаяды.

Жаһандық инвестициялар тақырыбына арналған жыл сайынғы кездесуде құны 9 млрд доллардың 45  құжатқа қол қойылды. Түркия, Германия, АҚШ, Сингапур, Араб Әмірліктері, Корея және шекаралас елдердің компанияларымен келісімдер жасалды.

Фото: inavateonthenet.net