АЭФ алаңында жаһандық интеграциялық үдерістер талқыланды

АЭФ алаңында жаһандық  интеграциялық үдерістер талқыланды

Жаһандық  интеграциялық үдерістер.  Бұл биылғы АЭФ қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі. Әлеуетті бір арнаға тоғыстыру тұрғысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері көпке үлгі дейді сарапшылар. Мәселен, бестік халықты сапалы тауармен қамтып, бизнеске қолжетімді нарық ұсыну үшін ортақ техникалық реттеу талаптарын бекітті. Бірыңғай экономикалық кеңістікте тұтынылатын тауарлардың 80 пайызының стантарттары бір. Ендігі кезекте энергетикалық саладағы өнімдердің айналымын бір ізге салу жағы қарастырылуда. Адами капитал да одақ кеңесінің қаперінде.  

ТИМУР НҰРАШЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ АККРЕДИТАЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінгі таңда әлемде тауарлар ғана емес адамдарды да сертификациялау үрдісі белең алды. Егер де адам өз ісінің шебері атанып, біліктілігі нақтыланса, онда сәйкесінше, оның қолынан шыққан өнім де барлық талаптарға жауап беретін болады. Осы бағыттағы сертификациялау мәселелері халықаралық тәжірибе мен талаптарға сай  белсенді түрде дамытылмақ.

Кезекті форумда адамзатты толғандырып жүрген азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сай әлемде бір миллионнан астам адам асқа зәру. «Көп көтерген жүк жеңіл» демекші, мәселенің басын қайыру үшін жаһандық деңгейде жұмыла әрекет еткен абзал, деседі мамандар. Канадалық сарапшы Гарри Нанда бұл орайда Қазақстанның әлеуетті зор екенін алға тартып отыр. 

ГАРРИ НАНДА, САРАПШЫ, КАНАДА:

- Қазақстан азық-түлікті көбірек өндіре алады. Тек қана шикізаттық базамен шектелмеу қажет. Елден астық көптеп экспортталады, алайда импорттың көлемі де жоғары. Қазақстан теңізге жолы жоқ ел екенін білемін. Алайда мемлекетттің алып жатқан аумағы үлкен және еңбек ресурсына бай. Осы әлеуетті барынша пайдалану қажет. Сондықтан осы жерде әлемде тапшы табиғи таза өнім өндіруді кең жолға қоюдың мүмкіндігі зор.

11 жыл ішінде Астана экономикалық форумы әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және жаһандық мәселелерді талқылауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды. Жалпы осы уақыттта алқалы жиындарға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегат, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары және жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлер қатысты.

Фото: eadaily.com