АЭФ аясында Қазақстанның дамуына қатысты сараптамалық шолу жасалды

«Қазақстан және жаһандық әлем, сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан кезекті Астана экономикалық форумында осындай атаумен алғаш рет сараптамалық шолу жасалды. Онда озық үлгідегі халықаралық тәжірибелер негізінде еліміздің дамуына қатысты отандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері топтастырылған.

МҰХТАР КҮЛЖАН, ҚР ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

- Талдамалық шолуымызды Қазақстанүшін мүмкіндіктер терезесі деп айтсақ болады. Оның ішінде сарапшылар урбанизация сұрақтарына, қала мен ауылдың дамуына, адами капиталдың өсуіне, цифрландыру мәселелеріне тоқталған. Қазір 4-ші өнеркәсіптік революция кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да Қазақстанда цифровизация мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді.

Қазақстанның жаһандық көшке ілесуін қамамасыз етудегі Астана халықаралық қаржы орталығының үлесі басым. Алқалы жиынға ат салысқан шетелдік мамандардың пікірі осыған саяды.  Айтулы орталық ел нарығына сырттан қаржы тартып, шетелдің жетекші компанияларымен етене жұмыс жасап келеді.

ПОЛ ПУЛЛИНГЕР, КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біздің компания екі мақсатты көздейді. Оның бірі - АХҚО жаңадан келген компанияларға Қазақстан нарығының қатысушысы атанып, ел экономикасының өсіміне өз үлестерін қосуға септесу. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін аса өзекті. Бұған қоса Қазақстанға қаржы құюға ниетті шетел инвесторларын тарту. 

Еуразия кеңістігінде ықпалды сұхбат әрі іскерлік алаңына айналған биылғы бас қосуда «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» деген тақырып төңірегінде талқылау болды. Форум аясында әлемді алаңдатып отырған 11 мәселе төңірегінде сөз қозғалады. Алқалы жиын барысында өтетін 50-ден  астам сессия мен іс-шараларда 100 жуық спикер сөз сөйлейді. Нобель сыйлығының лауреаттары, саясат, экономика саласының майталмандарымен  дәрістер мен кездесулер ұйымдастыру қарастырылған.

Фото: bta.bg