Қазақстан мен Әзербайжан туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан халықаралық туризм ордасына айналып келеді. Алматы облысының жауһарлары Шарын шатқалын, Көк-Төбені, «Ғұндар» этоноауылын көргісі келетін шетелдіктер аз емес. Мысалы, Әзербайжанның туристік агенттіктері қазірден бастап ең қызықты, тағылымы мол турларды дайындауға кірісті. Қазақстанға алғашқы сапар 15-маусымға жоспарланған. Әзербайжандық сарапшылардың пікірінше, Ұлы Дала елі – саяхатшылар үшін ең тартымды бағыттардың бірі.

РАХМАН ГУЛИЕВ, ТУРИЗМ МАМАНЫ:

- Қазақстан туристік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстанның географиялық орналасуы Шығыстан да, Батыстан да туристер тартуға өте қолайлы. Меніңше, Әзербайжан тарапынан түскен сұраныс өсіміне қарай, әуе рейстерінің саны да артады, баға да бәсекеге қабілетті болады.

Әзербайжан астанасы Баку мен Алматы қаласының арасында аптасына екі рет ұшақ қатынайды. Бұл туризм саласындағы ынтымақтастықты одан ары нығайтуға мүмкіндік береді, дейді мамандар. Алайда сұраныс ұсыныстан артық. Туристік фирмалардың мәліметінше, Қазақстан бағытында көбінесе туристер топ болып саяхат жасағанды жөн көреді.

РАХМАН ГУЛИЕВ, ТУРИЗМ МАМАНЫ:

- Әрине, біздің елмен арада іскерлік туризм жақсы жолға қойылған. Алайда қарапайым азаматтарды да демалыстарын Қазақстанда өткізуге қызықтыру қажет. Осы мақсатта жуырда Баку-Алматы-Баку рейсі ашылды. Ол саяхатшыларды Қазақстанның көрікті қалаларының біріне жеткізеді.

Бір сапар барысында саяхатшылар Алматы қаласынан басқа Қазақстанның елордасын да тамашалай алады. Қазіргі кезде тиісті ұсыныс әзірленді. Жалпы, жыл сайын 4 миллионнан астам әзербайжандық шет елдерге саяхаттайды. Дені демалыс уақытын жаз маусымына орайластырады.

Фото: kp.kz