Шағын және орте бизнестің үлесі артып келеді

Қазақстандық шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінде ел жалпы ішкі өніміндегі оның үлесі 29 пайызға жуықтайды. Алдағы 10 жыл ішінде оны 35 пайызға жеткізу көзделген. Елімізде кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасалған. Ол үшін  мемлекеттік қолдау бағдарламалары, пайыздық мөлшерлемесі төмен несие және гранттар қарастырылған. Мысалы, еліміздің бас шаһарында шағын және орта бизнес нысандарының саны 125 мыңнан асып жығылады. Ең көп таралған бизнес түрлері: сауда, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары.

ӘДІЛЕТ ТІЛЕПОВ, КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 3 млн теңгеге дейін жаңа бизнес-идеяларды ұсыну үшін мемлекеттік гранттар беру конкурсы басталды. Өтінімдер 24 мамырға дейін қабылданады.

Ал еліміздің ең ірі шаһарларының бірі Алматының экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі жыл басынан бері 40 пайызға артқан. Өткен жылы 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантты 100 кәсіпкер иеленсе, биыл мұндай көмек 800 бизнес жобаға берілмек. Ал, жастар жылына орай өз кәсібін ашамын деген 18 бен 29 жас аралығындағы іскер азаматтарға арнайы грант қарастырылған.

ТЫНЫШҚАЛИ  СӘБЕН, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ҚАРЖЫЛАЙ ЕМЕС ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ САРАПШЫСЫ:

- Жұмыспен қамту орталығына арызын білдіріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сол жақтан үш айлық курстан өтіп, біздің кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес планын жасатып алу қажет. Комиссия қайсысы қазіргі таңда сұранысқа ие екендігін қарастырады. Бизнес жобана жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар.

Ел аймақтарында да кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Ақтөбе облысында 67 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Былтырғымен салыстырғанда, тұрақты және қарқынды жұмыс істеп тұрғандары 10 процентке өскен. Бұл салада еңбек ететіндердің саны 139 мыңға жуықтайды. Былтыр өңірдегі кәсіпкерлік нысандары 876,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен.

ГҮЛШАТ БЕРҚАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Облыста «Бизнестің жол картасы - 2020» мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып келеді. Биыл бағдарламаларды іске асыруға 7 млрд теңге бағытталады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп. Мыңдаған кәсіпкерге қолдау көрсетіледі.

Елімізде «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға да кәсіпкерлер өз үлесін қоспақ. Осы бағытта 600 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 200 млрд теңгесі агроөнеркәсіп саласына бағытталса, қалғаны экономиканың басым секторларына бөлінді.

Фото: absoluttv.ru