Шымкенттегі трансформатор зауыты экспортқа өнім шығарады

Шымкенттегі авто және май трансформаторлары мен реактор шығаратын зауыт өнімінің жартысына жуығын экспортқа шығаруды көздеп отыр. Негізгі нарықтар ретінде Иран, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, ТМД елдері қарастырылуда. Бұл – трансформаторлық құрылғыны жасау жөніндегі Орталық Азиядағы ең ірі зауыт. Кәсіпорында 110-нан 500 киловольтқа дейінгі кернеуге шыдайтын электр-энергетикалық қондырғылар жинақталады.

ЕРКЕБҰЛАН ІЛИЯСОВ, ЗАУЫТТЫҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

- Зауытта жаңа технологиялар мен қондырғылар қолданылған. Украиналық институттың технологиясымен бірігіп, зауытты іске қосып отырмыз. Бірінші трансформаторды Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қоймақпыз.

БАҚЫТЖАН ҚАЖИЕВ, ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Трансформатор мен реакторларды өз елімізде өндіріп жатқан кезде басқа мемлекеттен сатып алмай, өзімізден алатын мүмкіндіктер бар. Бұл жердің сапасы мен бағасы келісіп тұрғанда біз, әрине, Қазақстандікін аламыз. Біз осы жерден 500 кВт-тық  6 реактор сатып алмақпыз.

Өндірістің жылдық қуаты 120 трансформатор құрастыруға арналған. Құрылғылар зауыттың бірегей патенттелген технологиясы бойынша жинақталады.

Фото: otyrar.kz