Грузия қазақстандық бидай импортын арттыруды жоспарлап отыр

Қазақстанда астықтың жартысына жуығы экспортқа жіберілді. Сарапшылар ағымдағы агро маусымда экспорт көлемі  9,5 млн тоннаға жетеді деп болжап отыр. Бүгінгі таңда отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі Орта Азия елдеріне жеткізіледі. Жүк тиелген вагондардың ең көп бөлігі Өзбекстан бағытына тиесілі. Тәжікстан еліне де ауқымды көлемде астық экспортталады. Отандық аграрийлердің өнімдеріне Қытай Халық Республикасы тарапынан да сұраныс жоғары. Сонымен қатар, Грузия қазақстандық бидайдың импортын арттыруға ниет білдіріп отыр. Жақында екі жақ астық тасымалына субсидия бөлу жөнінде шаралар қабылдауға келісті.

ЛЕВАН СИЛАГАВА, ГРУЗИЯ АСТЫҚ ПЕН НАН БҰЙЫМДАРЫ ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл бәсекелес бағамен бидай жеткізудің жақсы құралы болып табылады. Қазақстаннан Грузияға астық Ресей Федерациясы мен Әзербайжан елінің аумағы арқылы түседі. Барлық шекараны өткенде тасымалдауға қанша шығын кететінін және оның қай бөліктеріне субсидия бөлінетінін түсінуіміз керек. Сонда бағасы қаншалықты арзандайтынын білеміз.

Грузия жылына шамамен жеті жүз тоннаға жуық бидай тұтынады. Өнімнің 90%-ы елге шетелден жеткізіледі. Әзірше Грузияны бидаймен негізінен Ресей қамтамасыз етіп жүр. Наубайшылар одағы нарықтарды әртараптандыру пайдалы болады деп санайды

МАЛХАЗ ДОЛИДЗЕ, ГРУЗИЯ НАУБАЙШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл бидай нарығын тұрақтандырады. Ал бұл өз кезегінде нанның бағасына әсер етеді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы бидайын араластырып, ұн тартсақ, өнімнің сапасы да арта түседі. Грузияда отандық астық өндірісін ұлғайту үшін түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Бірақ елдің өзінің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін көп жылдар қажет.

Грузияда көптеген сарапшылар бидай импортының өсуін қолдайды. Олар елімізден жеткізілген астықтың бағасы да тиімді, әрі сапасы да жоғары боларына сенімді.

Фото: www.atameken.kz