Қазақстан-Корей бірлескен машина жасау зауыты

Қазақстан-Корей бірлескен машина жасау зауыты

Алматының Индустриялық аймағында қазақстан-корей бірлескен машина жасау зауыты бой көтереді. Бастапқы кезеңде кәсіпорында жылына 30 000 көлік құрастырылатын болады. Болашақта өндіріс қуатын 45 мың көлік жинауға жеткізу жоспарланып отыр. Мұнда кореялық брендтің сегіз моделіне қажет қосалқы бөлшектер де шығарылады.

СОН ЮН МО, ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ САУДА,ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА  МИНИСТРІ:

- Компания елу жылдан астам уақыт бойы жинақтаған барлық технологиялары мен ноу-хауларын толығымен Қазақстанмен бөліседі. Бұл қос елге индустрия секторында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Жаңа автокөліктердің алғашқы партиясы екі мың жиырмасыншы жылы конвейерден шығарыла бастайды деп күтілуде. Жобаның құны шамамен жиырма үш миллиард теңгені құрайды. Оңтүстік Корея Қазақстанмен автомобиль өнеркәсібінде экономикалық ынтымақтастық орнату аса тиімді санайды. Біздің еліміз таңғы шық елі үшін Орталық Азияның сыртқы нарықтарына, сондай-ақ жүз жетпіс миллионнан астам адам тұратын Еуразия экономикалық одағына жол ашып отыр.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

- Өнімдер Орталық Азия елдеріне және басқа да елдерге экспортталады. Яғни ірі экспорттық әлеует бар елдерге жеткізілмек. Өндііс орындарын арттыру үшін біздің кәсіпкерлерімізге үлкен әлеует бар. Біз бұған сенімдіміз.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан-Корей зауытының құрылысы елдің машина жасау саласын дамытудағы стратегиялық маңызды қадам болып табылады. Жаңа өндірістің ашылуымен республикамыздың экспорттық әлеуеті арта түспек.

Фото: www.eadaily.com