Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарайналым

Қазақстан мен Қытай әріптестігі қарқынды дамып келеді. Жылдан жылға екіжақты ынтымақтастық тереңдеуде. Қос тарап арасындағы өзара сауда-саттық та өсіп отыр. Мәліметке сәйкес, өткен жылы еліміз Қазақстан Аспан асты еліне 430 миллион доллар соманың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаған. Қытайлық тұтынушылар ең көп сатып алатын қазақстандық өнімдердің бірі – астық. Былтырдың өзінде отандық астық өндірушілер Халық Республикасына 562 мың тонна бидай жөнелтіпті. Биылғы жылы бұл көрсеткіш екі есе ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

ШАХРАТ НҰРЫШЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Соңғы 3-4 жылда біз ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу бойынша 13 хаттамаға қол қойдық. Бұл сондай-ақ, сиыр, қой еті, бидай, жоңышқа және рапс  өнімдеріне қатысты. Қазіргі уақытта өнімнің жекелеген түрлерін жеткізу басталды. Қазіргі таңда Қазақстанда өз өнімдерін Қытай нарығына жеткізуге рұқсаты бар180-ге жуық кәсіпорын бар.

Сондай-ақ, Қытай Қазақстаннан мыс пен қорғасын сатып алады. Қазақстандық газға да сұраныс жоғары. 2018 жылы Аспан асты еліне 6 млрд текше метр көгілдір отын тасымалданды. Қазақстандық өнімдерге деген сұраныстың жоғарылығына орай Қытай қалаларында сауда орталықтары ашылуда. Олардың біреуі тоғыз провинцияның қиылысында орналасқан Ухань қаласында бой көтерді.

У ГУАНМИН - «УХАНЬ ХАНЬОУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

- Алматы қаласында біздің компанияның өкілдігі жұмыс істейді. Сол арқылы біз Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Енді алдағы уақытта Ухань қаласында қазақстандық орталықты салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде қазақ жерінен келген ең үздік, ең сапалы тауарлар жайғастырылады. Кейін барша Қытайға сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстанға логистика жағынан көмектесуге дайынбыз.

Сондай-ақ, аспан асты еліне көптеп жеткізілетін өнімдердің тағы бірі – қазақстандық бал. Өткен күзде көрші елге тәтті тауардың екі партисы экспортталған.  Ал 2019 жылдың наурыз айында Қытайға шамамен 250 тонна бал жеткізілді.  Қытайға бал жеткізуші басты аймақ - Шығыс Қазақстан облысының көршілес елмен тауар айналымы былтырдың өзінде 510 миллион доллардан асқан. Соның ішінде, экспорт көлемі 308 млн АҚШ долларын құрады.

ВАЛЕРИЙ ҚАСЫМБАЕВ  ОМАРТА ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Теміржолмен бір контейнер жіберілді. Зимунай арқылы көлік тасымалымен жеткізілді. Бүгінде екі партия жеткізілді. Барлығы да тұтынушыларға байланысты. Бүгінде Америка, Моңғолия сияқты елдермен де  іскерлік қарым-қатынас орнатып жатырмыз.

Екі ел мамандары «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының арқасында Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымын одан әрі арттыруға үлкен мүмкіндіктер бар екеніне сенімді.