Қазақстан-Қытай: бірлескен жобалар

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының басты бағыттарының бірі. Қос тарап ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қатар, Қазақстан аумағында бірлескен өндірістер ашуға да мүдделі. Мысалы, қытайлық инвесторлар Алматы облысында дәрі-дәрмек шығаратын зауыттың құрылысына 50 млн доллар бағыттаған. Фармацевтикалық кәсіпорын осыдан бес жыл бұрын іске қосылған. Бүгінде зауыт ірі бизнес субъектісіне айналып, өркендеп келеді.

МЕРЕЙ СЛАМҰЛЫ, ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТТЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Мына "Жібек жолы" енді-енді айтыла бастады ғой ол кезде. Содан кейін біз бұл заводты құрғаннан кейін сол "Жібек жолының" программасы шықты. Одан кейін біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» деген бағдарламасы шықты. Одан кейін инвестицияға көптеген жеңілдіктер саясаты шықты. Сол саясаттардың бәрі бізге ыңғайлы болды.

Бірлескен кәсіпорында екі желі жұмыс істеп тұр. Бірі инфузиялық ерітінділерді шығарса, екіншісінде онкологиялық ауруларға қарсы дәрілер жасалады. Фармацевтикалық компания жылына 70 миллион құты дәрі-дәрмек шығарады. Өнім ішкі нарықтан басқа, Ресей мен Орталық Азия елдеріне экспортталып отыр. Келешекте зауыт экспорт географиясын кеңейтпек ниетте.

МЕРЕЙ СЛАМУЛЫ, ИСПОЛНИТЕЛЬНЫЙ ДИРЕКТОР ФАРМЗАВОДА:

- Жақсы хабар келіп отыр. Инвестициялар және даму комитетінің қаулысы шықты. Мына тасымал жағынан үкіметтен жеңілдіктер береміз деген. Сол бізге қуанышты хабар болды. Әйтпесе, шығын көп болды. Осы территорияда.

Алматыда екі елдің бірлескен кәсіпорындары бірқатар салада жұмыс істейді. Биыл Индустриялық аймақта болат құбырларды шығаратын тағы бір зауыт пайдалануға беріледі. Жобаның құны – 33 миллиард теңге. Сарапшылар мұндай ынтымақтастық қос тарапқа да тиімді болатынына сенімді. Астық пен шоколад, мұнай мен газ, өсімдік майы – бұл еліміздің Қытайға сататын тауарларының бір парасы. Аспан асты елі 120 миллион тонна астық та сатып алуға дайын. Демек, Қазақстанның экспорттық әлеуеті зор.

РАХМАН АЛШАНОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

– Қытай тұтынушылары тарапынан сұраныс артып отыр. Бүгінде Қазақстан нағыз көліктік дәлізге айналып отыр. Бұл-үлкен артықшылық. Жүк тасымалы бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Біз Қорғаста болдық. Ондағы құрғақ порт барынша дамып келеді. Бұл ерекше мүмкіндік. Сондықтан бәсекелестік те бар – Ресейге де керек, Өзбекстанға да, Қырғызстанға да, бәріне де қытайлық жүк тасымалы қажет. Жібек жолының жай еместігі де осыдан. Бұл ретте бәсекеге қабілетті ел ұтады.

Өткен жылы Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты. Мамандардың айтуынша, көрсеткіштер одан әрі артады, себебі Аспан асты елі бізді басты серіктестер қатарынан көреді және өз кезегінде, Қазақстан үшін үлкен нарық болып табылады.

Фото: www.forbes.kz