Қазақстанның транзиттік әлеуеті

Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Еліміз халықаралық дәліздердің маңызды қатысушысына айналды. Осы бағыттағы табысты дамуда қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының тоғысуы өз қызметін атқаруда. Айта кетерлігі, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің біраз бөлігі біздің аумағымызбен өтеді. Оның ұзындығы шамамен сегіз жарым мың шақырымды құрайды. Бұл – Қытайдан Еуропаға, Орталық Азияға және Парсы шығанағы елдеріне апаратын қысқа жол. Тауарлар діттеген жеріне екі аптадан аз уақыт ішінде жеткізіледі. 2018 жылы транзит көлемі 19 млн тоннадан асып, өсім көрсеткіші 6% құрады.

ЧЖАН СЯО, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Салыстыратын болсақ, 2011 жылы Қытайдан Еуропаға Қазақстан аумағымен бір мыңдай контейнер жеткізілген. Ал 2017 жылы олардың саны 200 мыңға жетті. Яғни, 6 жыл ішіндегі өсім 200 есе.

Транзиттік әлеуетті кеңейту сыртқы сауда айналымын арттыруға да ықпал етті. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы алыс-беріс бір жарым млрд долларды құрады. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арқылы 120 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Көрсеткіштердің өсуіне мультимодальды тасымалдаулардың дамуы және құрғақ порттық жобалар мен «Нұр Жолы» өткізу пунктінің нәтижелі қызметі өз септігін тигізді.

ҒАБИТ ОРАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:

- Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаныны бойынша сыртқы тауар айналымы  281 миллионнан астам, АҚШ долларын құрап отыр. 2018  жылы 105 млнды құраған болатын. Сонымен қатар тауардың нақты салмағы бойынша, 2018 жылдың бірінші тоқсанында 36 пайызға жоғарылап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, трансконтинентальды көлік дәліздерінің болашағы зор. Осы ретте аспан асты елінің «Бір белдеу - бір жол» бастамасы Еуразиялық экономикалық одақтағы барлық серіктестер үшін аса тиімді.

АРКАДИЙ АМЕЛИН, «ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ РЕСЕЙ» РБҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біздің елдеріміз осы бағытта одақтас болғандықтан, транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алады және пайдалануға міндетті. Егер Қытай Халық республикасы мен Еуропаны қосатын осы көлік дәлізін құрып алса, барлық тараптар, Ресей, Қазақстан, Қытай, Еуропа мемлекеттері де ұтылмайтын еді. Себебі бұл әлдеқайда қысқа бағыт. Сонымен қатар, жүктерді жеткізуге уақыты да қысқарады. Демек, барлық тараптар үшін экономикалық тұрғыдан тиімді.

Батыстан Шығысқа және кері бағытта Қазақстан аумағымен өтетін транзиттік ағындарды арттыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда қазақстандық айлақтардың қуаттылығы да күшейтілген. Мәліметке сәйкес, Ақтау және Құрық порттарының жүк тиеп, түсіретін кешендердің жалпы қуаттылығы жылына 26 млн тоннаны құрайды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан құрлықтағы жүк тасымалы тұзағынан шығып,  халықаралық көлік хабына айналды.

Фото: www.kazpravda.kz