Инвестициялық ынтымақтастық

Қазақстан – Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекеттердің бірі. Тұрақтылық пен белсенді экономикалық дамудың арқасында еліміз шетелдік инвестиция үшін аса тартымды екені белгілі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жылы Ресейден тартылған инвестиция көлемі 34 пайызға өскен. Ал екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны соңғы 3 жылда 63 пайызға артты. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей ортақ инвестициялардың көлемін 1 миллиард 2 миллион долларға жеткізбек ниетте. Бұл қаржы екі елдің өндірістік кооперациясы бағдарламасында қарастырылған және ол жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған бірлескен қазақстандық-ресейлік кәсіпорындарды дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында ауылшаруашылық, жүк және жеңіл техника құрастыратын зауыттар салуға басымдық берілмек.

НИКИТА МЕНДКОВИЧ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ РЕСЕЙ КЕҢЕСІНІҢ САРАПШЫСЫ:

- Қазіргі кезде Қазақстанда Ресейлік капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың үштен бірі - бірлескен кәсіпорындар. Соның ішінде терең өңдеу кәсіпорындарының, әсіресе, көлік өнеркәсібінің маңызы ерекше. Алда жоғары дәрежеде жерсіндірілген көлік жасау кәсіпорындарын құруға басымдық берілмек. Автокөлік, станоктар, басқа да техника жинау секілді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларында айтылған мақсат-міндеттермен сәйкес келеді. Және осы бағыттағы жобаларға ресейлік капиталды бағыттауға қызығушылығымыз бар. Осының бәрі бірыңғай еңбек, капитал және тауарлар нарығының қадыптасуының арқасында.

Инвестициялық саладағы Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының да әлеуеті зор. Аталған мемлекет республиканың стратегиялық инвесторларының қатарына кіреді. Атап айтатын болсақ, Түркияның елімізге бағытталған тікелей инвестицияларының көлемі 3 миллиард 200 миллион долларға жеткен. Осы уақытқа дейін түрік компаниялары  жалпы құны 23 миллиард долларға жуық бес жүзге жуық жобаны жүзеге асырған. Айта кетейік, екі ел арасындағы сауда көлемі бүгінде шамамен 2,5 миллиард долларды құрап отыр. Ал, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 5 миллиард, келешекте 10 миллиард долларға жеткізу көзделген. Екі елдің ынтымақтастығына 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бағдарламасы тың серпін береді деген үміт зор.

ХҮСЕЙИН АРСЛАН, КӘСІПКЕР:

- Қазақстан - шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндігі мол ел. Компания ретінде Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырдық. Солардың бірі –Ақтау әуежайы, Қазақстан Ұлттық музейі мен бірқатар тұрғын үй кешенін тамамдадық. Ендігі мақсатымыз – медицина саласындағы кешендерді заманауи құрылғылармен жабдықтау және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Бұл салада тәжірибеміз мол.

ДОЛУНАЙ ЖОШКУНСУ ГӨНҮЛ, «DORÇE» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ 

- Қазақстанмен 18 жылдан астам уақыттан бері мұнай-газ кешендерінде жұмыс жасаудамыз. Маңғыстау облысындағы бірқатар кешендерді іске қостық. Қазірде Ақтоғай ауданындағы мыс кен орнының модульдік ғимараттарын салып жатырмыз. Бұл да Қазақстанның инвесторларға көрсеткен қамқорлығының нәтижесі. 

 

Фото: www.forbes.kz