Қазақстан мен Бельгияның инвестициялық ынтымақтастығы

7 миллиард доллардан артық. Бұл – соңғы 10 жылда Бельгияның Қазақстанға салған инвестициясының жалпы көлемі. Қос мемлекет келешекте бұл көрсеткішті бірнеше есеге ұлғайтпақ ниетте. Екі ел инвестициялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтермек. Қазірдің өзінде Корольдіктің 70-тен аса компаниясы ел экономикасына қаржы құйып отыр. Қазақстанда жұмыс істейтін бельгиялық кәсіпорындар баламалы энергия, логистикалық қызмет көрсету, медициналық құрал-жабдықты бағдарламамен қамтамасыз ету салаларында қызмет етеді.

ДЕНИС ВАН ДЕ ВЕЙХ, БЕЛЬГИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

- Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда бельгиялық ондаған компанияның өкілдігі жұмыс істейді. Олардың өз штаты бар, олар салық төлеп, өз кәсіптерін өркендетіп жатыр. Бұдан бөлек, сіздің елгк тауар жеткізіп отырған қаншама компаниямыз бар. Байланыстарымыз жылдан-жылға тереңдеп, нығайып келеді.

Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 460 миллион долларды құраған. Бұл 2017-ші жылмен салыстырғанда 60 процентке артық. Қазақстаннан Бельгияға экспорт көлемі екі есе ұлғайды. Айта кетейік, Бельгия Қазақстаннан ауыл шаруашылық өнімдерін импорттауға мүдделі. Біздің республика – әлемде зығыр мен бидай өндіру бойынша алдыңғы орындарда. Бельгиялық кәсіпкерлердің айтуынша, көлік-логистикалық әлеуеттің артуы және Еуразиялық экономикалық Одақ нарығына шығу мүмкіндігі Қазақстанда бизнес ашуды тиімді етеді.

 ШАНТАЛЬ ДЕ БЛЁ, ВАЛОНИЯНЫҢ ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу мүмкіндігі Қазақстандағы бельгиялық компаниялардың жұмысын жеңілдетеді. Біріншіден, бұл ортақ сертификаттау болғандықтан өнімді әр елде бөлек бекітудің қажеті жоқ. Ал, екіншіден, Қазақстан, Ресей және өзге де көрші мемлекеттерде еуразиялық нарықтың әлеуеті зор.

ДЕНИС ВАН ДЕ ВЕЙХ, БЕЛЬГИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

- Бұл жерде 18 миллион емес, 185 миллион тұтынушысы бар нарық туралы айтып отырмыз. Әрине, қазір кеден болмағандықтан, жұмыстар біршама жақсы жүріп жатыр. Мұның да бизнеске тигізер оң әсері мол. Яғни, Қазақстандағы компаниялар, кез келген жаққа экспорттай алады, сонымен қатар, қазақстандық және бельгиялық кәсіпкерлер арасындағы бірлескен компаниялар да, олар да осы мүмкіндікті пайдалана алады.

Сонымен қатар, бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасында бәсекеге қабілетті салалардың көптігіне қызығушылық танытып отыр. Алдағы маусым айына жоспарланған Бельгия корольдігінің Қазақстанға өңіраралық экономикалық миссиясында қос ел бизнесмендері осы салаларға инвестиция бағытту жайын талқыламақ.