Қазақстан мен Оңтүстік Корея 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда

Қазақстан мен Оңтүстік Корея - стратегиялық серіктес. Өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығая түсті. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 4 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Айталық, Қазақстан Оңтүстік Кореяға мұнай, уран, мыс, алтын, болат жіберсе, ол жақтан электроника құрылғылары, көлік, машинаға қажетті құрал-жабдықтар тасымалданады.

КИМ ХЕН СУ, КОРЕЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- 2017 жылға дейін Қазақстаннан мұнай импортының көлемі аз болды, кейін 27 миллионнан 55 миллион баррельге өсті. Мұнайының сапасы өте жақсы. 2018-де Қазақстаннан шикі мұнайды 1 миллиард 100 миллион долларға сатып алдық. Бұл Қазақстаннан Кореяға әкеленген өнімдердің 80 пайызын құрайды.  

Бүгінде елімізде Оңтүстік Корея капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді, екі ел 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.

ЛИ ЧЖЕ ЕН, КОРЕЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біз Қазақстанмен экономика саласында ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейміз. Қос ел арасындағы сауда-саттық байланыс беки түседі деген сенім бар. Сондай-ақ, біз ауыл шаруашылығы саласы жағынан ынтымақтастықты дамытсақ дейміз. Себебі, Қазақ елі осы салада зор мүмкіндіктерге ие. Бұл мәселелер жақын арада нақты шешімін табады деген үміттемін.

Корея - қарапайым аграрлық елден экономикасы дамыған алпауытқа айналған мемлекет. Қазір дүниежүзіндегі экономикасы қуатты 20 елдің бірі саналады. Сондықтан да біздің бұл елден үйренеріміз бар. Қазақстандық сарапшылар «Цифрлық технологияның көш басында тұрған елден үлгі аламыз», дейді.

МҰҚАН БАУЫРЖАН, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бізді цифрлық экономикаға байланысты индустрия, көптеген жобалар қызықтырып отыр. Қазіргі мақсатымыз – қызметкерлерімізді Оңтүстік Кореяда жіберіп, білім мен тәжірибелерін арттыру. Екіншіден, бірлескен ғылыми жобаларды бірге ұйымдастырсақ, бізге де, ол елге де үлкен пайдасы тиеді деген ойдамыз.

Айта кетерлігі, Корея Қазақстандағы көліктік-логистикалық жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы оңтүстіккореялық бір компания Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын бастады.

Фото: mfa.gov.kz