Қазақстанда экологиялық қор құрылады

БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттары адамзаттың «жасыл» экономикаға бет бұруын көздейді. Он жеті бірдей бағыттың он бесінде осыған басымдық берілген. Игі бастаманы Қазақстанда барынша қолдап отыр. Елімізде қабылданған «жасыл» экономикаға көшуге  тұжырымдамасы осыны айғақтайды. Құжатта қоршаған ортаға залалы аз тиетін озық үлгідегі технологияларды ендіруді жағы қарстырылған. Бұл орайда Қазақстанда жаңартылған энергияның аукционы іске қосылды. Бастама баламалы қуат көздеріне қатысты үздік жобаларды іріктеуге арналған. Мамандардың айтуынша, есесіне саланың инвестициялық тартымдылығы артып, электр қуаты құнының бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етіліп отыр.  Қазақстан осы бағытта халықаралық ұйымдар және қаржы институттарымен әріптестік орнатқан.

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

- ФАО-ның және БҰҰ азық түлік қауіпсіздігі бағдарламалары бізге үлкен демеу болды. Елімізде кеңсенің ашылғанына екінші жыл ғана. Дәл осы ұйым біздің жаһандық экологиялық қорға, жасыл климаттық қорына елдік өтінімдерді әзірлеп жатыр. Ол не үшін қажет? Біріншіден, экожүйені жақсартуға бағытталған гранттық ресурстар тарту үшін қажет. Қазіргі уақытта жасыл климаттық қордың құны 7 миллион долар болатын жобасы қарастырылып жатыр. Оның аясында шөлейттенуге қарсы күрес бастамалары қолға алынуы тиіс. Мәселен, құнарсызданған аумақтарға жасыл желектер егу сынды.  

Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа экологиялық кодекс қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл экологиялық заңнамамызды экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына сәйкестендіреді. Сондай-ақ, табиғатты пайдаланушыларды жасыл технологияларды ендіруге ынталандырады. Құжатты әзірлеуге үкіметтік емес ұйым өкілдері мен шетел сарапшылары жұмылдырылған. 

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

- Жаңа кодекстің бір ерекшелігі - елімізде экологиялық қор құрылады. Онда елімізде аса үлкен көлемде жиналатын барлық экологиялық төлемдер шоғырланады. Түрлі бағалауларға сай, оның көлемі 150-170 миллион теңге шамасында болады. Енді бір жайтты атап өткім келеді. Экологиялық кодекс үздік деген қолжетімді технологияларды пайдалануды қолдайды. Осы игі үрдістер біздің өндірісті жасылдандыруға өз септігін тигізеді.

Еске салайық, тұрақты даму мақсаттарына сай сәтті түрде жүзеге асырылған ұзақ мерзімді жобалардың бірі – Қазақстанның Ақмола облысындағы Арнасай жасыл елді мекені. Ондағы ауыл тұрғындары іс жүзінде кәсіпкерліктің заманауи технологияларына машықтанып жатыр.

Фото: cyplive.com