Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тауар айналымы $2 млрд асты

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тауар айналымы $2 млрд асты

Қазақстан мен Оңтүстік Корея сауда және инвестициялық ынтымақтастықты айтарлықтай күшейтті. Өткен жылы қос ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллардан асып түскен болатын. Сарапшылардың пікірінше, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш екі есеге артады. Бүгінде тараптар түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтпек ниетте. Әсіресе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау, медицина және ауыл шаруашылығы салаларында зор мүмкіндіктер бар. 

ЛИ ЧЖЕ ЁН, КОРЕЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНСТИТУТ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы біз Қазақстанмен экономиканың түрлі салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытудамыз. Меніңше, өзара ынтымақтастықты кеңейту үрдісі жалғасады. Біз Қазақстанға цифрландыру және жаңартылатын энергия көздері саласында серіктес болуды ұсынып отырмыз. Өйткені, бұл осы елдегі дамудың басты бағыттары болып табылады. Сонымен қатар Қазақстанда «Ақылды ауыл» жобасын жүзеге асыруды ұсындық. Бұл ретте озық инновацияларды енгізу ауыл шаруашылығының тиімді дамуына ықпал етеді. 

САРА АЛПЫСБАЕВА, МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің нәтижелі макроэкономикалық саясат тәжірибесін қабылдағанымыз жақсы болар еді. Оңтүстік Корея – табиғи ресурстарға бай мемлекеттер қатарына кірмейді. Бұған қарамастан ол әлемдік экономикада жетекші орындардың бірін алып отыр. Соңғы екі жылда Қазақстанда Оңтүстік Кореяға жөнелтілетін мұнай экспорты айтарлықтай артып отыр. Сондай-ақ, 5 миллиард доллардан астам инвестиция жиналды. Оңтүстік  Кореяның өте алыс орналасқанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан электронды үкімет саласындағы оңтүстіккореялық тәжірибені зерделеуде. Қазіргі кезде Таңғы балғындық елі осы салада көш бастап тұр. Сарапшылардың пікірінше, төртінші өнеркәсіптік революция аясында қос елдің инновациялық технологияларды енгізу және дамыту бойынша әлеуетін біріктіру қажет.

Фото: tengrinews.kz