Қазақстанның экономикалық дамуы

Қазақстанның экономикалық дамуы

Қазақстан экономикалық даму қарқынын сақтай алды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша республиканың жалпы ішкі өнімі шамамен 4 пайызды құрады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс салаларында өсім тіркеліп, инвестиция көлемі артқан. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, өнеркәсіп өндірісінің үш айдағы өсімі 3,2 пайызды құраған. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіпте, сусындан мен пластмасса өнімдерінің, құрылыс материалдарының өндірісінде және машина жасау саласында өсім екі еселенген.     

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Инвестициялардың қарқыны шамамен екі еселенді. Екі айдың қарқыны 4,2 процент болды. Енді тоқсан қорытындысы бойынша 7 процентке дейін өсіп отыр, Өсім негізінен инвестициялық тауарларды сатып алумен байланысты. 

Сонымен бірге, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы шикізат емес экспорттың үлесі де өскен.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

2018 жылы Қазақстан шикізаттық емес экспорты 15,7 мрд долларды құрады. Және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 процентке артты. Химия өнеркәсібі 2,6 процентке, минералды өнімдер 14,6 процентке, машина жасау 11 процентке өсті. Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. 

Сонымен қатар, өткен жылы көлік және құрылыс салаларындағы қызметтер экспортының көлемі артқан. Қазіргі уақытта отандық құрылыс компаниялары халықаралық нарықтарды игеруге кіріскен. Бүгінде қазақстандық құрылысшылар Грузия автожолдарының, Словакияда теміржолдардың және Қырғызстанда кен байыту фабрикасының құрылысына араласып отыр.