Қазақстанның туристік әлеуеті

Туризм индустриясы – Қазақстан экономикасының басымдықты салаларының бірі. Шетелдіктер тарапынан елімізге деген қызығушылық та артып келеді. Өткен жылы Ұлы дала еліне саяхаттап келген туристер саны 8,5 миллионға жетті. Бұл оның алдындағы рекордтық маусымдағыдан 10 пайызға көп. Қонақтарға бизнес және білім беру, аспаздық, қажылық, этнографиялық және спорттық, медициналық және жағажай туризмнің барлық түрлері ұсынылады. Сонымен қатар, саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін жаңа теміржол және әуе қызметтері де ашылуда. Алматы облысында Алакөл көліне қосымша әуе рейстері іске қосылды.

АЗАТ ЖҰМАҚАНОВ, САЯХАТШЫ:

- Ұшақта өте ыңғайлы, тек 50 минут ұшамыз. Ал, Алматы-Өскемен тас жолы бойында әлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан жолға 4 сағат кетеді. Сондықтан ұшақпен жеткен өте ыңғайлы.

Түркі әлемінің бесігі, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі Түркістан шаһарына туристерді тарту үшін жаңа бірегей бағыт іске қосылды. Ұлы дала інжуіне енді түйемен жетуге болады. Бағдар ежелгі Шавгар қаласынан басталады. Елді мекен 8-10 ғасырларда Түркістан облысының орталығы болған. Сонымен қатар, алдағы уақытта ашық аспан астындағы мұражай ашу да жоспарланып отыр.

ЕРЛАН СЫЗДЫҚ, ӨЛКЕТАНУШЫ:

- Бірінші пилоттық жобаны жүзеге асырып, осы түйелермен қанша уақытта Яссы қаласына Түркістан қаласына дейін жетеміз соны көрмекшіміз, сол арқылы, алдағы уақытты туркомпаниялардың немесе қандай да бір ұйымдардың қандайда бір мекемелердің тапсырыс беруі арқылы біз түйе санын көбейтеміз.

Өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мыңнан астам турист келген. Сарапшылардың пікірінше, демалыс пен саяхат индустриясын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама өңірге көптеп саяхатшыларды тартуға мүмкіндік береді. Туристерді Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен басқа, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сидақ, Күлтөбе секілді ежелгі қалалардың тарихы қызықтырады.

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан күн санап  гүлденіп келеді. Рухани астананы көріктендіру үшін көшелер мен алаңдарға 300 мың түп голландиялық қызғалдақ  егілді. Қаланы айнала «жасыл белдеу» құру жұмыстары да басталып кетті.

ГҮЛЖАНАТ ДҮЙСЕНБАЕВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Жан-жағымыздың бәрі қызыл қызғалдаққа оранып, Түркістанымыздың гүлдер шырайын ашып тұр. Менің қала мен облыс әкімдігіне алғысым шексіз. Шымкенттен Түркістанға кіре берістегі жолдың бойы жайнап тұр.

Туризм индустриясы Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі болуы тиіс. 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі оның үлесі 8 пайызға жетіп, туристер санын - жылына 15 миллион адамнан асыру көзделген.

Фото: Liter.kz