Манғыстау облысында 22 инвестициялық жоба іске асырылады

Тоғыз жолдың торабында орналасақан Маңғыстау облысында биыл 22 инвестициялық жоба іске асырылады. Солардың бірі тауық етін шығаратын ірі фабрика өңірде алғаш рет іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жылына 5 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорын Түпқараған ауданында салынып жатыр. Фабрика құс етіне деген сұраныстың 50%-ын өтемек.

ДАНИЯР ТҰРҒЫНОВ, ИНВЕСТОР:

- Сондай-ақ, жем зауыты салынып жатыр. Құс фабрикасынан бөлек басқа да мал шаруашылығына жеткізуімізге болады. Сағатына 10 тонна құрама жем шығарамыз. Маңғыстауда мұндай балама жоқ.

Аймақ экономикасына қаржы құюға ниеттілердің қатарында әзербайжандық инвесторлар да бар. Олар Ақтауда кабельдер мен трансформатор өндіретін зауыт салып жатыр. Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңге. Электр жабдықтары Қазақстаннан өзге Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылмақ.

САМИР РАСЛОВ, ИНВЕСТОР /ӘЗЕРБАЙЖАН/:

- Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайы тұрақты әрі экономикасы дұрыс жолға қойылған. Біз сондықтан да осы елді таңдадық. Оның үстіне зауытымыз салынып жатқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Барлық салықтар мен кедендік төлемдерден босатылған.

Аталған арнайы экономикалық аймақта шойын өндіретін жаңа зауыт та салынып жатыр. Жылдық қуаты – 250 мың тонна.

ТІЛЕГЕН ЕДІГЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жобаны іске асыруға 76 миллиард теңге қаржы жұмсау көзделуде. Жобаға қажетті шикізат Маңғыстау облысында орналасқан Бескемпір кен орынан алынады. Сонымен қатар жоба экспортқа бағытталған. Иран, Пәкістан және Индия сияқты елдерге тауарды экспорттау көзделген.

Биыл 67 миллиард теңгеге 22 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген. Ал 2025 жылға дейін шетелдік және отандық инвесторлардың қаржысына 43 кәсіпорын салынады. Сонымен қатар, алдағы жазда Маңғыстау облысында көпфункционалды ірі логистикалық орталықтың құрылысы басталады. Құрық портына жақын орналасқан ол  жылына 2 миллион тонна жүк пен 150 мың контейнер өткізеді. Осылайша Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі арта түспек.

Фото: liter.kz