Алматыда Беларусь өнімдерінің көрмесі өтті

Алматыда Беларусь өнімдерінің көрмесі өтті

Қазақстан мен Беларусь экономикалық ықпалдастық қарқынын арттыруға мүдделі. 2018 жылы екіжақты тауар айналымы 900 млн АҚШ долларын құраған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 30% артық. Қос мемлекет арасындағы сауда-саттық аясын кеңейтуге бірлесе ұйымдастырылған бизнес-форумдар, көрме-жәрмеңкелер өз ықпалын тигізуде. Сондай шаралардың бірі Алматыда өтті. Көрмеде Беларусь елінің 50 аса компаниялары өз өнімдерін ұсынып, ауылшаруашылық техникасы, тұрмыстық техника, машина жасау  және азық-түлік өнімдерін таныстырды. Аталған тауарлар Қазақстандық тұтынушыларға кеңінен танымал. Сондай-ақ көрмеде зергерлік бұйымдар мен медициналық қызметтер де таныстырылды. Айта кету керек,  Қазақстан тарапы Беларусь еліне мұнай, көмір және газ өнімдерін экспорттайды. Сондай-ақ, екі ел арасында 8 ортақ жоба жүзеге асырылуда. 

МҰХТАРХАН БИЯРОВ, ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ПАЛАТАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінгі күні Беларусь елінің біраз өнім өндірушілері Қазақстанда ортақ өнеркәсіп құрып, жинау орталықтарын ашты. Оның ішінде негізінен ауылшаруашылық техникалары, тракторлар, комбайындар, басқа да ауыл шарушалығына қажетті машина, техника жиналып жатыр.

АНДРЕЙ ШАХАНОВИЧ, САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /БЕЛАРУСЬ/:

- Ең бірінші кезекте, нәтиже жасалған келісім-шарттардың саны мен ондағы көрсетілген қаражатқа қатысты бағалануы мүмкін. Мұндай жәрмеңкелерге қатысу және көрмеде өз өнімдерін таныстыру, тауарды өзгеге көрсетуге, жаңа тұтынушы табуға үлкен көмек болмақ. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкер өз брендін ұсынып, болашақта оны одан әрі дамытуға жол ашады.  Мұның барлығы бірден орындалатын дүние емес, дегенмен нәтижесінде табысты келісімшарт жасасуға алып келеді.

Фото: tengrinews.kz