Қазақстан геологиялық барлау саласына $90 млрд инвестиция тартты

Қазақстан геологиялық барлау саласына $90 млрд инвестиция тартты

Қазақстандық геологиялық барлау саласына 90 млрд доллар инвестиция тартылды. Бұған салада жұмыс істейтін компанияларға лицензия беру талаптарының оңтайландыруы өз септігін тигізді, дейді мамандар. Бүгінде жер қойнауын пайдалану құқығына ие болу үшін байқауға қатысу міндет емес. Бүгінгі таңда еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Әсіресе барлау жұмыстары жанданып келеді. Жалпы айта кетейік, еліміз жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы бойынша 104 мемлекеттің ішінде 73-орыннан 24-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш Фрейзер институтының әлемдік рейтингісінде анықталған.

ТИМУР ТОҚТАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Реформаның мәні неде? Әлемдік тәжірибеге негізделген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс бекітілді. Онда геологиялық барлауға берілетін лицензияны алу шарттары жеңілдеді. Қазір оны бар-жоғы 10 күнде алуға мүмкіндік жасалды.  Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру шараларымен айналысатын компания құрылды. Ол аз зерттелген аймақтарды анықтап, барлаумен айналысады.

АҚБАТЫР НАДЫРБАЕВ, ҚР ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Геология және жер қойнауын пайдалануға шетелдік инвестицияларды тарту үлкен рөл атқарады. Қатты пайдалы қазбаларға арналған геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар шамамен 40-50 млрд долларды құрайды. Ал жаңа жобаларға инвестициялық қаржы бағыттау көлемі 30-40 миллиард долларға тең. Жаңа кодексті енгізумен бұл көрсеткіш 2-3 есе өседі деп үміттеніп отырмыз.

Мәліметке сәйкес, қазір мемлекетттік балансқа тіркелген 8 мыңнан астам кен орны бар. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық геологтар көмірсутегінің 133 қорын, 200-ден астам алтын, түсті, қара металдар мен басқа да пайдалы қазбалардың орнын анықтады.

Фото: eco.tatarstan.ru