Қазақстан 70 елге астық экспорттайды

Қазақстан 70 елге астық экспорттайды

Қазақстан ауыл шаруашылығы дақылдарының жетекші экспортаушыларының бірі болып табылады. Оның ішінде бидай мен арпа жеткізілімінің үлесі басым. Айта кетейік, өткен жылдың 11 айында біздің еліміз сыртқы нарыққа 862 миллион доллардан асатын 5,5 миллион тонна астық жіберді. Бүгінгі таңда қазақстандық бидай артылған жүктер әлемнің 70 еліне жөнелтіліп келеді. Импорттаушылар арасында Ауғанстан, Иран, Түркменстан сияқты елдер бар.

САҒЫНТАЙ ЖҰМАЖАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

- Кейінгі уақытта Қытайға сататын көлеміміз артып жатыр. Өткен жылы Қытайға 500 мың тоннадан астам астық кетті. Бұдан басқа әжептәуір көлемін Түркия алады. Италия, Испания, Грузияға да жөнелтеміз. Енді Вьетнам нарығына да шықтық. Екі жылдын бері Қытай арқылы Вьетнамға жеткізіп жатырмыз. Былтыр Вьетнамға 40 мың тонна астық кетті.

Қазақстан Әзербайжан еліне бидай экспортының мөлшерін арттырды. Айта кету керек, өткен жылдың қортындысына сай отандық астықтың жеткізілімі айтарлықтай өскен. Сарапшылар осындай көрсеткішті икемді баға саясатымен байланыстырып отыр.

СЕАДЕТ ГАДЖИЕВА, ӘЗЕРБАЙЖАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

- 2017 жылы Әзербайжан еліне Қазақстаннан 63 мың тонна бидай жеткізілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 270 мың тоннаны құрап отыр. Бұған икемді баға саясатының арқасында қол жеткізгенімізді айта кету керек. Нәтижесінде өткен жылы Әзербайжанға импортталған Қазақстан бидайының үлесі 5-тен 20 процентке дейін артқан.

Әзербайжан ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, өткен жылы жергілікті ұн тартушылар қазақстандық бидайды 51 миллион долларға сатып алған.

СЕАДЕТ ГАДЖИЕВА, ӘЗЕРБАЙЖАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

- Биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық дақылдардың жалпы импорттағы үлесі 51% құрады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында біз бір тонна қазақстандық бидайды 219 долларға, ал өткен жылдың бірінші тоқсанында 182 долларға сатып алдық. Үш айда импорт көлемі 206 мың тоннаға жетті. Ал бұны ақшаға аударатын болсақ, 45 миллион долларға тең.

Ал жалпы жылдың алғашқы ширегінде бүкіл елдерден 406 мың тонна бидай жеткізілген. Еске сала кетейік, 2017 жылы өткен үкіметаралық комиссия мәжілісінде қазақстандық бидай экспортын арттыру міндеті қойылған болатын.

Фото: earlham.ac.uk