Әлемдегі алғашқы қантсыз шоколадты Қазақстанда шығара бастады

Әлемдегі алғашқы қантсыз шоколадты Қазақстанда шығара бастады

Отандық кәсіпкерлер бие сүтінен шоколад шығара бастады. Экологиялық таза, табиғи заттардан дайындалған өнімнің әлемде баламасы жоқ. Дәруменге толы шоколад көптеген ауруға ем. Бұл өнім саумалды дер кезінде құрғатып, оған какао мен керекті қоспалар қосып алынады. Жаңа сауылған бие сүтінің өзі дәмді болғандықтан, мұнда қант қосылмайды. Таза, табиғи өнімнен дайындалатын шоколад ұлттық бренд ретінде экспортқа шығарылмақ.

ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ, ҚАЗАҚ ТАҒАМТАНУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗДЕНТІ:

- Біздің шоколадымызда қант жоқ, улы зат жоқ, трансмай қышқылы жоқ. Сондықтан да біздің тағамымыз тұңғыш рет дүниеде шекараны бұзады, дүниежүзіне қазір әйгілі болып тұр. Үкімет өз тарапынан бұның ерекше мәні бар екенін біліп, 300 млн теңге берді. Қазір халықаралық патент алдық, бұл жол ашылды деген сөз.

Отандық шоколад шетелде де сұранысқа ие болады, дейді мамандар. Ал, отандық тауық жұмыртқасы Біріккен Араб Әмірлігі, Ауғанстан және жақын шетелдерге экспортталып келеді. Қазақстандық өнімдер барлық халықаралық талаптарға сай. Ең бастысы – табиғи. Сондықтан сұраныс та аз емес. Мысалы, мына өндірістегі жемнің құрамы бидай, жүгері, бұрыш және жұмыртқаның қабығын берік ететін ұлу қабыршақтарынан тұрады.  

ХЕНДРИК ДЕ ЙАГЕР, ӨНДІРІС ДИРЕКТОРЫ:

- Жұмыртқаның сапасы жемнің сапасына тікелей байланысты. Біз тек табиғи өнімдерді пайдаланамыз. Гендік модификацияланған өнімдерден, антибиотиктерден аулақпыз. Сондықтан да біздің өнімге деген сұраныс көп.

Құс фабрикасы 480 мың тауықтан күніне 450 мың жұмыртқа алады. Болашаққа жоспар да көп. Алматы қаласы мен облысы бойынша ет және құс өнімдері Қытай және посткеңестік елдерге экспортталса, таза, табиғи бал Жапонияға дейін жетеді. Соңғы кездері түйе өнімі шұбатқа да сырт елден сұраныс көбейіп келеді, дейді кәсіпкерлер.

Photo: fainaidea.com