Қазақстан сиыр етін экспорттау бойынша әлемдік бестікке енбек

Қазақстан сиыр етін экспорттау бойынша әлемдік бестікке енбек

Республикада асыл тұқымды ірі қара мал өсіруде шаруаларға көмек көрсетуге бағытталған «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы қайта қолға алынып отыр. Еске салайық, алдыңғы кезеңде елге асыл тұқымды 55 мың бас ірі қара мал әкелінген. Жаңартылған мемлекеттік бағдарлама іске қосылғалы бұл көрсеткіш 8 миллионға дейін артуы керек. Мысалы, шығысқазақстандық фермерлер 2022 жылға дейін 17 мың тонна мал етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

ДИДАР ХАМИТОВ, ҮРЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Былтырғы жылы мемлекеттік «Сыбаға» баяғдарламасы аясында 15 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал әкелуге ниет білдіріп, соның 747 басы келді. Герефорд деген мал тұқымы, етті бағытта. Биылғы жылы 60 бас Ресей Федерациясында карантинде тұр, кейін әкелінеді. Биылғы жылы жоспарды 2 есе орындаймыз деген ойымыз бар.

Өңірдегі шаруашылықтардың бірінде асыл тұқымды ірі қара саны мыңнан асады. Мұнда «Шаролле», австралиялық ангус және әулиекөл тұқымды мал өсіріліп жатыр. Шаруашылық облыста алғашқылардың бірі болып Өзбекстанға 130 тоннадан артық етті экспортқа жөнелткен.

МАНАРБЕК ҚАБИН, ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ВЕТЕРИНАРЫ:

- Жаз жайлауда Тарбағатай таулары табиғи өсімдікке өте бай, жері жайылысқа ыңғайлы, мұнда 5 айдай жүреді. Кейін берілетін сүрлемді өзіміз дайындаймыз, дала бригадасы бар, үлкен қуатты тракторларымыз бар. Бізде қазір 4,5 мың гектар жер егістік бар. Толықтай өзімізді өзіміз қамтамасыз ете аламыз.

Ал Чехиядан әкелінген мына асыл тұқымды ірі қара Солтүстік Қазақстан облысының ірі шаруашылықтарының бірінде өсірілмек. Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Петерфельд ауылына 500-ге жуық сиыр жеткізілген.

АЛЕКСАНДР ФОМИЧЁВ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРУШЫСЫ:

- Сүт өндірісін ұлғайтуымыз қажет. Өйткені оған сұраныс жоғары. Сондықтан бұл сиырлар алдағы уақытта бізге тек  пайда әкеледі деп ойлаймын.

ӨМІРБАЙ ОМАРОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Асыл тұқымды мал сатып алуды субсидиялау ережесіне сәйкес, мал басына 225 мың теңге төленетін болады, алайда, біздің облыс әкімдігінің қосымша қаулысымен оны тағы да 50 пайызға арттыру туралы шешім қабылданды, яғни өнім өндіруші мал басына 337 мың теңге мөлшерінде субсидия алатын болады.  

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын жандандыру асыл тұқымды малдың тектік қорын арттыруға мүмкіндік береді, деп санайды мамандар.

Фото: foodnavigator-asia.com