Қазақстан астық экспортын ұлғайтпақ

Қазақстан астық экспортын ұлғайтпақ

Қазақстан - әлемдік астық нарығынан өз орнын тапқан мемлекет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, биылғы шілде айына дейін еліміз Әзербайжан мен Грузияға бір миллион тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр. Отандық өнімнің сапасы жоғары болғандықтан, оған деген сұраныс бар, дейді мамандар. Бүгінде Қазақстан Иран нарығын да игеруде. Ислам мемлекетінің ұн өндірушілері бірлесіп астық өңдеуге қызығушылық танытып отыр. Бұл ұнды үшінші елдерге реэкспорттауға мүмкіндік береді.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Біздің астығымыз сапалы, оған деген сұраныс артып отыр. Ең бастысы, қазақстандық бидайдың бағасы көтерілді. Қазіргі кезде дәстүрлі нарықта да, жаңа нарықтарда да экспорт көлемі ұлғайғандығын байқадық. Ауғанстан, Орта Азия нарықтарын сақтап қалу біз үшін аса маңызды.

СӘБИТ ҚАШҚЫМБАЕВ, «АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЛІСІМШАРТ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Экспорт жағынан алып қарасақ, жыл табысты өтті. Болжам бойынша экспорт көлемі 10,5 миллион тоннаға жуық болады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 500-600 мың тоннаға артық. Ал өткен жылдармен салыстырғанда экспорт ұлғайды. Әзербайжан, Грузия нарықтарына шықтық, Қытайға жеткізілімдер артты. Сонымен қатар алғаш рет Түркменстан нарығына кірдік.

Қазіргі кезде қазақстандық тарап дәнді-дақылдар жеткізу квоталарын ұлғайту бойынша Қытаймен келіссөздер жүргізуде. Соңғы жылдары Аспан асты еліне жөнелткен астық көлемі 4 есеге артқан.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Өткен жылы біз 20 миллион тоннадан аса бидай жинадық. Биыл да жиын-терім жақсы болады деп ойлаймыз. Астық трейдерлерінің қазақстандық бидайға деген қызуғышылығы түсінікті. Біріншіден, әлемдік нарықта тапшылық бар, сондай-ақ, қазақстандық бидайдан сапалы макарон өнімдері жасалады. Сол себепті Қытай, Иран елдері астықты бізден алады.

Аспан асты еліне жеткізілетін қазақстандық астық көлемі өткен жылы 560 мың тоннадан асты. Ал 2020 жылға қарай Қазақстан бұл көрсеткішті миллион тоннаға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Фото: mylotrade.com